Жетісудың шұрайлы топырағына шаншыған шыбықтан шынар өседі. Өңірде 5000 гектарға жуық бау-бақша бар. Айналаны жасыл желекке көмкерген жандардың бірі — Дмитрий Савченко.

Теректі ауылындағы жемісі төгілген мәуелі ағаштар анадайдан көздің жауын алады. 30 жыл бойы бел жазбай еңбек еткеннің арқасында қазір алма бағының аумағы атшаптырым — 38 гектарға жеткен. Жыл сайын мұнда 100 тоннадан астам экологиялық таза, дәруменге бай алма өсіріледі.

Дмитрий Савченко, шаруа:

Шаруашылықпен айналысқанымызға биыл 30 жыл. Бұл әкемнен қалған кәсіп. Ендігі мақсатым — осы істі әрі қарай дамытып, жаңа деңгейге көтеру. Алманың 15-тен астам түрі бар. Биыл ауа райының қолайсыздығына қарамастан, жақсы өнім алуға тырыстық.

Бүгінде алқапта 17 мың түп алма ағашы жайқалып тұр. Оларға маусым сайын ерекше күтім көрсетіледі. Шаруашылық заманауи тамшылатып суару әдісін қолданады. Алмадан бөлек, 3 гектар алқапта құлпынай да өсіріледі. Қолайсыз ауа райына қарамастан, биыл 10 тонна жидек жинаған. Құлпынайдың дәмі тіл үйіреді, сондықтан жидекке сұраныс жоғары.

Серік Әлімбаев, ауыл тұрғыны:

Шаруашылық 30 жылдан астам уақыт бойы тұрақты жұмыс істеп келеді. Ауыл тұрғындары бағбанға қолғабыс етіп, нәпақасын тауып отыр. Еңбектенген адамға бәрі бар. Мемлекеттен де қолдау бар.

Әке жолын жалғаған фермер ісін әрі қарай дамытып, кеңейтуді мақсат етіп отыр. Алма өнімін келесі маусымға дейін сақтау үшін шаруашылықта 75 тонналық заманауи қойма салынған. Онда температураны 0–2°C аралығында ұстап тұратын салқындатқыш жүйе орнатылған. Осылайша алманың дәмі жыл он екі ай балғын күйінде сақталады.

Дамир Нұрмұхамет