Елордада алпысты алқымдаған ел ағасы аламан құрақ тігеді, деп хабарлайды 24KZ. Ол тігін машинасын және жүк көлігін еркін меңгеріп, қала тазалығына да үлесін қосып жүр. Қарапайым еңбек адамы қос жұмыстан шаршамайды, керісінше, шабыт алады. «Қол қусырып отырғаннан жалығамын», – дейді.

Марат Жекенов алты күндік жұмыс аптасының тығыз кестесіне қарамастан қолы қалт еткен сәтте аламан құрақ тігеді. Бұл әуестігін ол бүгінде отбасылық кәсіпке айналдыруды көздейді. «Тігін машинасының алдына отырсам болғаны, шаршағаным бірден басылып, өзімді сергек сезіне бастаймын», – дейді.

Марат Жекенов, қала тұрғыны:

- Басында күрделі болады ғой. Қазір маған жеңіл. Жұмыстан арнайы техникадан шаршап келгенде мынаған отырамын. Жұмыстан кейін 1 сағат демаламын. 21:30-да жұмыстан келе салып, жуынып-шайынып, шайымды ішіп аламын. Содан соң 22:00-ден 23:00-ге дейін бір сағат отырамын. Басқа жұртқа кедергі болмас үшін 23:00-де тоқтатамын.

Тігін машинасын қысқа уақыт ішінде меңгеріп алғаны соншалық, киім-кешегін өзі жөндей береді. Ателье қызметіне жүгінбейді. Жамау, жең немесе балақ қысқарту сияқты жұмыстар еш қиындық туғызбайды. Ең бастысы өмірлік жарына қолғабыс етіп, кішігірім кәсіптегі жүктемесін жеңілдетіп отыр.

Жеңісхан Долдабекқызы, М. Жекеновтің жолдасы:

- «Енді сіз де маған бір жағына шығыңыз, үлгермеймін ғой», – деп Маратқа айтамын. Әпкем бар, ол кісі де аламанға қатысты. Содан ағаңа айтамын: «Сіз кіріңіз, еңбегіңізді жеңіз. Бәрібір қасымда жүрсіз ғой». Отбасыңның қолдауы болмаса, мұндай жетістікке жету оңай емес.

Марат Жекеновтің негізгі мамандығы – жүк көлігінің жүргізушісі. Бас шаһардың тазалық мекемесіндегі қызметі таңғы сағат 8:00-ден басталып, кешқұрымға дейін жалғасады. Арасында түнгі ауысымға да шығып отырады. Қыста қала көшелерін қардан, жазда шаң-тозаңнан тазартады.

Марат Жекенов, қала тұрғыны:

- Қойма меңгерушісі де болдым, ет комбинатында да істедім. Әртүрлі қызметте болдым, жас болдық. Басшы да болдық. Қазір жүргізушімін. 2007 жылдан бері елорданың тазалық мекемесінде жұмыс істеймін.

Кейіпкеріміздің зейнетке шығуына 2 жыл қалды. Жоғарыда айтылған хоббиі жеке ісін бастауға дайындық іспетті. Алдағы уақытта ателье немесе шағын цех ашу жоспарында бар. Аламан құрақ тігу ісіне қазір әріптестері де қызығушылық танытып жатыр.

Александр Кенис, М. Жекеновтің әріптесі:

- Мен жақында ғана естідім, бұл кісі құрақ көрпе тігумен айналысады екен. Таңғалғаным жоқ. Өйткені бұл кісінің қолынан көп нәрсе келеді. Бұл кісіден арасында кеңес сұрап отырамын. Тәжірибесі өте көп. Көп нәрсе біледі.

Айта кеткен жөн, шілде айының басында Алматыда еліміздің әр өңірінен және 80-ге жуық елден барлығы мың құрақшы жиналып, бір мезетте аламан құрақ тігуді көздеп отыр. Әлемдік рекорд орнатылса, Гиннес кітабына енгізіледі. Ауқымды іс-шараға Астана мен Ақмола облысынан жалпы 50-ге жуық қатысушы барады. Әлбетте оның ішінде Марат ағамыз да бар.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Диас Қовланбаев, Ернар Нысанбай