Бүгіннен бастап мобильді аударымдар бақылауға алынады. Мақсат – көлеңкелі бизнестің жолын кесу. Сонымен кімдердің мобильді аударымдары тексеріледі? Жеке шотын бизнеске пайдаланғандар қалай жазаланады? Ал той-томалақтағы ақшалай сыйлық, қайырымдылықтан түскен қаржыға салық төлеу міндетті ме? Әріптесім Самал Қабышева рет-ретімен түсіндіріп береді.

Самал Қабышева, тілші:

Қыркүйектен бастап салық органдары сіз бен біздің шотымызға түскен мобильді аударымдарды бақылауға кіріседі. Егер сіздің шотыңызға үш ай қатарынан 100 немесе одан да көп әртүрлі адамнан мобильді аударым қабылданса, назарға ілінесіз. Қаражат мөлшері 1 млн теңгеден асуы керек. Ал бір адамнан бір айда 100 рет ақша түсуі мүмкін. Мұндай жағдайда қалай болмақ? Тексеріс болмайды. Себебі ол бір адам ғана болып есептеледі. 20-30 адамнан 1 млн теңгеден аса ақша түссе де, бақылау жүргізілмейді. Себебі, бақылау үш ай қатарынан қайталанса ғана жүргізіледі. Қайырымдылықтан түскен ақшаға да салық салынбайды. Бастысы, жеке тұлға өзінің кәсіпкер емес екенін салық органына дәлелдеуі тиіс. Шотты қайырымдылық негізде пайдаланғанын растайтын құжаттарды көрсетуі керек. Ал той кезінде 100-ден аса адамнан ақша түссе, салық салынбайды. Себебі бұл бір реттік жағдай. Жеке шотын бизнеске пайдаланғандарға бірінші салық органы ескерту жасайды. Егер жағдай қайталанса, 40 АЕК, бұл шамамен 157 мың теңге, осы мөлшерде айыппұл салынады. Бұдан бөлек, кәсіпкер ретінде тіркеліп, салып төлеуге міндеттеледі.

Самал Қабышева