Енді такси қызметін қосымша арқылы көрсеткісі келетіндер жергілікті әкімдікке хабар беріп, ресми түрде тіркелуі тиіс.

Сондай-ақ, жүргізушілердің рөлде 9 сағаттан артық отыруына тыйым салынды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

"Бүгін LIVE" бағдарламасына сұхбат берген ҚР Көлік министрлігінің республикаішілік Автомобиль тасымалдары басқармасының басшысы Жәдігер Тілегеннің айтуынша, "Автомобиль көлігі туралы" заңға сәйкес такси тасымалдаушылар eGov порталы арқылы өтініш беріп, арнайы тізімге енгізіледі.

Оның сөзінше, биылдан бастап жеке тұлғалар да ресми түрде такси жүргізушісі бола алады. Бұған дейін мұндай құқық тек жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғаларға берілген еді.

Жеке тұлғалардың заң талаптарын орындауын такси шақыруға арналған мобильді қосымшалар қадағалайды.

Жәдігер Тілегеннің айтуынша, егер қосымшалардың қызметі заңға сай болмаса, олардың жұмысы шектелуі немесе бақылауға алынуы мүмкін. Бұл бағытта Көлік министрлігі мен Ішкі істер министрлігі бірлесіп тексеріс жүргізіп жатыр.

Министрлік мәліметінше, 2024 жылы тек Астананың өзінде 500-ден астам заңсыз такси жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Жүргізушіні медициналық тексеріссіз немесе көлікті техникалық бақылаусыз жолға шығарғаны үшін 15,5 миллион теңге, ал еңбек тәртібін бұзғаны үшін 78 миллион теңгеден астам айыппұл салынған.