Темір ұсталығы – тек қана еңбек қана емес, ол шыдамдылық пен шығармашылықтың үйлесімі. Бұл өнерде әр бұйым – шебердің жүрегінің бір бөлшегі, ал әр станок – дәстүр мен заманауи технологияның алтын көпірі. Бүгінгі кейіпкеріміз – Түркістан облысы Кентау қаласының тұрғыны Асқарбек Асылбеков. Еңбек жолын шағын ғана слесарьлық істен бастаған ол бүгін өз кәсібін дөңгелетіп отыр. Осыдан бес жыл бұрын цех ашып, бүгінде темірден жасалатын бұйымның 200-ден астам түрін нарыққа шығарып келеді. El.kz тілшісіне берген сұхбатында шебер бізге кәсібінің қыр-сырын, жас буынға берген үміті мен болашаққа деген жоспарларын, шеберхананы басқарудағы басты ұстанымдарын ашық айтып берді.
El.kz: Алдымен өзіңіз туралы қысқаша мәлімет бере кетіңізші және темірмен жұмыс істеуге қалай келдіңіз?
Асқарбек Базарбекұлы: Мен Асқарбек Асылбеков 1967 жылдың 2 қыркүйегінде бұрынғы Оңтүстік Қазақстан, қазіргі Түркістан облысы Кентау қаласында дүниеге келдім. Балалық шағым сол Кентау қаласында өтті. Орта білімді Ыбырай Алтынсарин атындағы мектептен алдым. Ол кезде бұл мектеп қаладағы білім мен тәртіпке негізделген, беделді білім ордаларының бірі саналатын.
Мектепті тәмамдаған соң Кентау қаласында орналасқан №207 кәсіптік-техникалық училищеге оқуға түстім. Қазіргі таңда бұл оқу орны көпсалалы колледж ретінде жұмыс істейді. Сол оқу орнында "слесарь-монтаждаушы" мамандығын меңгеріп шықтым. Бұл мамандық техникалық салада, әсіресе темірмен жұмыс істеу бағытында кеңінен қолданылатын, нақты әрі күрделі іс-әрекетті талап ететін мамандықтардың бірі еді.
Оқуды аяқтағаннан кейін, бір жылдай уақыт бойы өз салам бойынша Кентаудағы зауыттардың бірінде еңбек жолымды бастадым. Кейін әскер қатарына шақырылып, 1985 пен 1987 жылдар аралығында Отан алдындағы борышымды өтедім. Армия қатарынан оралғаннан кейін тағы да зауытта еңбек етуді жалғастырдым. Сол жылдары Кентаудағы экскаватор зауытында жұмыс істедім. Ол жерде 1989 жылға дейін еңбек еттім.
1989-1990 жылдар аралығында Шалқия кен орнында шахтада жұмыс істедім. Бұл жұмыс тәжірибем темірмен, ауыр өнеркәсіппен байланысты күрделі де жауапты міндеттерге үйретті. 1990 жылдан бастап еліміздегі үлкен өндіріс орындарының бірі — «Казцветметремонт» ұйымына жұмысқа тұрдым. Бұл мекеме Кеңес Үкіметі кезінде КСРО аумағындағы түрлі өндіріс орындарына жөндеу жұмыстарын жүргізетін, зауыттар мен фабрикалардың істен шыққан жабдықтарын қайта қалпына келтіріп, құбырларын ауыстыратын, арнайы білікті мамандарды қажет ететін беделді мекеме болатын. Кейін нарық заманында өз ісімізді бастау туралы шешім қабылдадым. Алғашында үлкен мақсаттар емес, тек шамамыз келгенше, өз бетімізше жұмыс істей бастадық. Ең алғашқы кезде екі-ақ аппаратпен бастадық. Қарапайым темір кесу, дәнекерлеу жұмыстарын орындап, тапсырыстарды шағын көлемде алып жүрдік. Бұл кезеңдер оңай болған жоқ, бірақ тәжірибе мен қажыр-қайраттың арқасында біртіндеп алға жылжи бердік.
2009 жылы алғаш рет өзіме сенімді бригада жинап, ұжымдық түрде жұмыс жүргізе бастадық. Бұл жұмысымыз біртіндеп сұранысқа ие бола түсті. Көптен күткен арманым орындалып, жеке темір өңдеу цехын аштым. Цех ашылғанға дейін біз тек бригадамен тапсырыстар орындап жүрдік. Ал енді цех ашылған соң жұмысымыз кеңейіп, жүйелі түрде дами бастады.
Есімде ерекше сақталғаны — алғашқы үлкен жұмысымыз Түркістан қаласындағы бұрынғы Кеңес Үкіметі кезінде салынған, кейін қирап қалған бейметалл материалдар комбинаты — КНМ зауытына байланысты болды. Сол жерде 40-қа жуық жұмысшымен алғашқы ірі жобамызды бастадық. Бұл біздің бригада ретінде ең алғашқы әрі үлкен жетістігіміз еді.
Содан бері Түркістан қаласында көптеген істер атқардық. Мысалы, су тарту жүйелері, құрылыс нысандарындағы темір-бетон жұмыстары, әртүрлі өндірістік құрылғыларды жөндеу мен орнату сияқты жобаларда еңбек еттік. Қазір де, шүкір, жұмысымыз бар, бригада да сақтаулы. Уақыт өте келе тәжірибеміз де, шеберлігіміз де артты. Қиындықтар болды, бірақ соның бәрі бізді шыңдады.
El.kz: Цехты қалай аштыңыз? Қажеттілік неден туындады?
Асқарбек Базарбекұлы: Иә, цех ашу идеясы бір күнде туған жоқ. Бұл бірнеше жыл бойы жиналған тәжірибе мен сұраныстың нәтижесі деуге болады. Уақыт өте келе біз атқарып жатқан жұмыстардың көлемі көбейе бастады. Алғашқы жылдары бригадамен ғана жұмыс істеп жүрген кезімізде көбіне клиенттердің өз алаңдарында, яғни сол жерде барып жұмыс істейтінбіз. Бірақ тапсырыстар саны артқан сайын, өзімізге тиесілі тұрақты жұмыс орны мен заманауи құрал-жабдықтардың қажеттігі анық сезіле бастады.
Осылайша 2020 жылы нақты қадам жасайтын уақыт келгенін түсіндім. Ол кезде елімізде кәсіпкерлерге қолдау көрсету мақсатында жеңілдетілген несиелер берілетін «Даму» бағдарламасы арқылы мүмкіндіктер қарастырылып жатқан. Мен де сол бағдарламаның аясында 40 миллион теңге көлемінде төмен пайызбен несие алдым. Бұл – мен үшін үлкен жауапкершілік болатын. Себебі мұндай қаражатты тиімді пайдалану және өз кәсібіңді әрі қарай дамыту – тек өзіңе байланысты.
Аталған қаражатқа Ресейден арнайы тапсырыспен бірнеше заманауи станоктар мен темір өңдеуге арналған құрал-жабдықтар сатып алдым. Бұл станоктар бізге үлкен мүмкіндіктер берді – енді күрделі тапсырыстарды да өз цехымызда орындауға жол ашылды. Бұрын қолмен немесе қарапайым құралдармен жасалатын жұмыстар енді автоматтандырылған, дәлдікпен жұмыс істейтін техника арқылы атқарыла бастады.
Цех ашылған соң жұмысымыз әлдеқайда жүйеленді. Ең бастысы — өз орнымыз, тұрақты жұмыс алаңымыз пайда болды. Бұл клиенттердің де сенімін арттырды. Қайта-қайта бір жерден екінші жерге көшіп, құрал тасымай, бір орында тұрақты түрде қызмет көрсетудің өзі – үлкен жетістік.
Қазіргі таңда сол цехта бірнеше станок жұмыс істейді. Темір кесу, ию, дәнекерлеу, құрастыру сияқты көптеген процестердің барлығы сол жерде жүзеге асады. Бұл өз ісімді кеңейтіп, жаңа жұмыс орындарын ашуға да мүмкіндік берді. Сол кезден бастап бүгінге дейін цех өз жұмысын тоқтаусыз жалғастырып келеді.
El.kz: Қазіргі таңда цехыңызда қанша адам жұмыс істейді? Командаңыз туралы айтып өтсеңіз.
Асқарбек Базарбекұлы: Қазіргі таңда цехта 20 адам тұрақты түрде жұмыс істейді. Бұл – әрқайсысы өз ісінің маманы болып қалыптасқан, тәжірибесі мол, еңбекқор азаматтар. Әрқайсысының өз міндеті бар – бірі темір кесу мен өңдеумен айналысса, екіншісі дәнекерлеу жұмыстарын атқарады, тағы бірі құрастыру, монтаждау процесіне жауап береді. Яғни, бәрі бір-бірімен үйлескен, өзара түсіністікпен жұмыс істейтін ұйымшыл ұжым деп айта аламын.
Цехтың өзі 2020 жылы ресми түрде ашылды. Сол уақыттан бері жұмыс көлемі де, ұжым құрамы да айтарлықтай кеңейді. Бұған дейін, цех ашылмай тұрған кезде біз тек бригада ретінде, қарапайым құралдармен, үйде тұрған аппараттар арқылы шағын тапсырыстарды орындайтынбыз. Ол кезде тұрақты жұмыс орны болмағандықтан, қайда тапсырыс түссе, сонда барып жұмыс істейтінбіз.
Кейде тапсырыс Түркістан қаласынан, кейде аудан-аймақтардан түсетін. Сол жылдардағы тәжірибе бізге көп нәрсе үйретті. Әсіресе, командамен жұмыс істеу, қиындықты бірлесе еңсеру сияқты маңызды дағдылар қалыптасты.
Қазір, шүкір, өз ортамыз, құрал-жабдықтарымыз бар. Цехтағы жұмысшылардың әрқайсысы – сенімді серіктестерім. Қай жерде қандай жұмыс болмасын, бәрін ақылдасып, бірлесе атқарамыз. Біздің басты қағидамыз – сапа мен уақытылы орындау. Осы бағытта еңбек етіп келеміз.
El.kz: Жалпы бұл саладағы еңбек өтіліңіз неше жыл?
Асқарбек Базарбекұлы: Егер нақты осы жеке кәсіпкерлік, яғни өз алдыма жеке жұмыс істей бастаған кезеңді есептейтін болсақ, бұл салада еңбек өтілім 2006 жылдан басталады. Дәл сол жылы мен бұрынғыдай біреуге жұмыс істемей, өзімнің күшіме, тәжірибеме сүйеніп жеке іс бастау туралы шешім қабылдадым. Ал оған дейінгі еңбек жолым да осы саламен тығыз байланысты болды.
Жалпы темірмен, құрылыс-монтаж жұмыстарымен алғаш танысуым 1980-жылдардың басында басталды. Жоғарыда айтып өткенімдей, түрлі зауыттар мен өндіріс орындарында, соның ішінде ең елеулісі — "Казцветметремонт". Онда слесарь-монтаждаушы ретінде жұмыс істеп, көп нәрсе үйрендім. Сол жылдардағы жинаған тәжірибе мен еңбек дағдылары кейін өз ісімді ашуға үлкен негіз болды. Жалпы осы салада, яғни темірмен жұмыс істеу, монтаждау, құрылысқа қатысу сияқты жұмыстарды қосқанда 40 жылға жуық тәжірибем бар деп айта аламын. Бұл – маған үлкен жауапкершілік жүктейтін, сондай-ақ мақтанышпен айта алатын еңбек жолым.
El.kz: Неге осы саланы таңдадыңыз? Бала күніңізде бұл кәсіпке қызығушылық болды ма?
Асқарбек Базарбекұлы: Иә, шын ниетіммен айтсам, темірмен жұмыс істеу – менің жаныма жақын іс. Бұл салаға кездейсоқ келдім деп айта алмаймын. Бала күнімнен-ақ қолмен бірдеңе құрастыруға, бөлшектеуге, қайта жинауға әуес болдым. Әсіресе, темірден бір зат жасап шығару, қандай да бір бұйымды өз қолыңмен құрастыру – маған ерекше ләззат сыйлайтын. Қарапайым құралдарды алып, олармен түрлі бұйымдарды жасау – сол кезде қызық болғанымен, кейін өмірлік кәсіпке айналды. Уақыт өте келе бұл қызығушылық тәжірибеге, ал тәжірибе – мамандыққа ұласты.
Темір – өте ерекше материал. Оны жай ғана кесіп немесе дәнекерлеп қою жеткіліксіз, әрбір жұмыс – нақты есеп пен дәлдікті талап етеді. Бір бұйымды жасау үшін алдымен ойда пісіріп, сызбасын елестетіп, әр қадамын жоспарлау керек. Маған дәл осы шығармашылық пен техникалық ойлау қабілетінің үйлесімі ұнайды. Бір қарағанда темір суық, қатты дүние сияқты көрінгенімен, одан жасалған дүние адамның қолымен жан біткендей болады. Қолыңнан шыққан дүниеге қарап, "мынау менің еңбегім" деп айту – нағыз бақыт.
Қазір, Құдайға шүкір, сол істеген еңбегімнің жемісін көріп отырмын. Ең қуаныштысы – осы кәсіпке менің ұлым да қызығушылық танытып, менің ізімді басып келеді. Бүгінгі таңда цехтағы жұмыстың басы-қасында сол жүр. Мен қазір цехтағы күнделікті жұмысты түгелдей дерлік балама тапсырып қойғанмын. Өзім тек аса бір маңызды шешімдер керек болғанда немесе ерекше күрделі жұмыс түскенде араласамын. Қалған кезде, шүкір, ұлым өзі басқарып, істі дөңгелетіп отыр.
Бұл – мен үшін үлкен мақтаныш. Себебі жасаған ісімнің, кәсібімнің артында ізбасарымның болуы – нағыз жалғастықтың белгісі. Демек, бұл тек бүгіннің емес, ертеңнің де кәсібі болады деген сенімдемін.
El.kz: Шеберхананы жүргізу тек шеберлікпен шектелмейді. Қаражат, ұйымдастыру, клиентпен жұмыс – осының бәрін қалай үйлестіресіз? Ал алғашқы қадамдар жасау қиын болды ма?
Асқарбек Базарбекұлы: Дұрыс айтасыз, шеберхана ашып, оны жүргізу тек темірді жақсы білумен немесе шебер болумен ғана шектелмейді. Бұл жерде шеберлікпен қатар кәсіпкерлік қабілет, ұйымдастырушылық, табандылық және адамдармен дұрыс жұмыс істей білу сияқты көптеген қасиеттер қажет болады. Алғашқы кезде, әрине, оңай болған жоқ. Бірақ біртіндеп үйреніп, тәжірибе жинап, бәрін ретке келтірдік.
2007-2008 жылдан бері менімен бірге келе жатқан жұмысшылар бар. Олармен бірталай қиын-қыстау кезеңдерді бірге өткердік. Сол себепті жұмысшы табу жағынан аса бір қиындық болған жоқ. Бірге істесіп, бір-бірімізді түсініп үйреніп қалғанбыз. Қай жұмысты кім жақсы істейді, кімге не тапсыру керек – соның бәрі көңілмен реттеліп отырады. Қазірдің өзінде командам сенімді, өз саласын жақсы меңгерген азаматтар.
2020 жылы «Даму» бағдарламасы арқылы 40 миллион теңгеге станоктар алғаным – кәсіпті дамытудың үлкен баспалдағы болды. Бірақ сол станоктарды алып келгеннен кейін оларды іске қосу, оларға лайықты цех ортасын дайындау, электр қуаты, құрал-жабдықты орнату, техникалық қауіпсіздік сияқты жұмыстарды да өз бетімізше ұйымдастыруға тура келді. Бұл жерде жай ғана шеберлік жеткіліксіз – ұйымдастырушылық қабілет пен жауапкершілік аса маңызды болды. Бригададағы жігіттер бәрін өздері көтеріп әкеп, орнына қойып, біртіндеп іске қостық. Яғни ұжым болып, жұмыла кірістік.
Біз көбіне субмердігер (субподрядчик) ретінде жұмыс істейміз. Яғни мемлекеттік тапсырыс аясында үлкен құрылыс нысандарының негізгі мердігерлері бізге жұмыстың бір бөлігін тапсырады. Өкінішке қарай, біз сияқты шағын кәсіпкерлерге бас мердігер болу әзірге қиын. Әрине, субмердігер болған соң, кейде қиындықтар болып тұрады. Мысалы, кейде еңбегіміздің ақысын кешіктіреді, тіпті кейде толық алмай қалатын жағдайлар да болды. Бірақ бұндай сәттер – кәсіптің шынайы келбеті, шыдамдылық пен табандылықты талап етеді. Біз де соған үйреніп қалдық.
Жалпы айтқанда, жағдайымыз жаман емес. Қазіргі таңда тапсырыс бар, жұмыс бар. Бастысы – еңбек бар, ниет бар. Әр кезеңнің өз қиындығы болады, бірақ сол қиындықтан жол тауып шығу – әр кәсіпкердің міндеті.
El.kz: Цех қазір сіздерде үйдің ауласында ма, әлде бөлек ғимаратта ма?
Асқарбек Базарбекұлы: Жоқ, цех үйдің ауласында емес. Қаланың сырт жағынан бөлек бір ғимарат сатып алдық. Сол ғимаратты жаңадан цех ретінде жасап, өзіміз жабдықтадық. Ол жұмысымызды кең әрі тиімді жүргізуге мүмкіндік береді.
El.kz: Цехта қандай бұйымдар жиі жасалады? Бұл есік-терезе торлары, қақпа, жиһаз элементтері ме, әлде авторлық бұйымдар ма?
Асқарбек Базарбекұлы: Иә, жалпы айтқанда, темірден не жасауға болады – соның бәрін жасауға тырысамыз. Біздің цехтың ерекшелігі – тапсырысқа қарай жұмыс істеу. Яғни, кім қандай бұйымға тапсырыс береді, біз соған сай өнім жасап шығарамыз. Бізге дайын үлгімен де, өздерінің ойындағы дизайнмен де келеді. Мысалы, біреу үйіне сәнді қақпа керек десе, екіншісі темір торлы есік немесе терезе қоршауын сұрайды. Енді бірі мүлде ерекше, авторлық стильде бұйым сұрайды. Осындай алуан түрлі тапсырыстардың бәрін орындауға тырысамыз.
Қазіргі таңда цехымызда жасалатын бұйым түрі екі жүзден асады. Бұл – тек қайталанып істелетін бұйымдар ғана емес, әртүрлі үлгіде, түрлі мақсатқа арналған өнімдер. Әр тапсырыс – өзінше бір жоба. Қарапайым тұрмыстық бұйымдардан бастап, үлкен өндірістік немесе қоғамдық нысандарға арналған металл конструкцияларға дейін жасап шығарамыз.
El.kz: Көбіне қандай бұйымдарға тапсырыс көбірек түседі?
Асқарбек Базарбекұлы: Соңғы жылдары әсіресе отыратын орындықтар, қоқыс салатын жәшіктер (урналар), тапчандар, шатыры бар сәкілер, аялдамалар сияқты кішігірім, бірақ күнделікті өмірде өте қажет бұйымдарға тапсырыс көп түседі. Мұндай заттарды көбіне тұрғын үйлердің аулаларына, мектептердің маңына, жеке үй иелері өз аулаларына орнату үшін сұрайды.
Сонымен қатар, мектептер мен балабақшалардың қоршаулары, көпқабатты тұрғын үйлерге кондиционер қоятын темір қораптары, баспалдақтарға арналған тұтқалар, үй ішіне арналған сәндік металл конструкциялар секілді бұйымдар да жиі тапсырыспен жасалады. Кейбір клиенттер интерьерге арналған ерекше дизайндағы металл жиһаз элементтеріне тапсырыс береді.
Біз әр тапсырысты бағасына, күрделілігіне және мерзіміне қарай келісіп аламыз. Ең бастысы – сапа мен уақытты сақтау. Сол себепті тапсырыс берушілер бізге сенім артып келеді. Қолдан келгенше, әр адамның талабына сай, көңілінен шығатын өнім жасап беруге тырысамыз.
El.kz: Тапсырыс жылдың қай мезгілінде көбірек түседі?
Асқарбек Базарбекұлы: Тапсырыстың көп түсетін уақыты – негізінен жаз мезгілі. Себебі бұл кезең құрылыс пен жөндеу жұмыстарының қызатын, қарқын алатын шағы ғой. Халық арасында да "жөндеу маусымы күн жылығанда басталады" деген түсінік бар. Шынымен де, наурыз айынан бастап тапсырыстар біртіндеп көбейе бастайды. Күн жылынып, құрылыс жұмыстары жанданады. Аулаға қақпа орнату, қоршау жасау, сәкі, тапчан сияқты жазғы маусымдық бұйымдарға сұраныс артады. Сонымен қатар, жаз мезгілінде мемлекеттік мекемелер – мектептер, балабақшалар, әкімдік, кітапхана сияқты мекемелер де жөндеу, абаттандыру жұмыстарына қаржы бөліп, тапсырыстар береді. Бұл да жұмыс көлемінің артуына әсер етеді. Сондықтан жаз – біздің негізгі жұмыс уақытымыз, нағыз қызу кезең деуге болады.
El.kz: Ал тапсырыс болмай қалған кезде не істейсіздер?
Асқарбек Базарбекұлы: Әрине, кез келген кәсіпте маусымдық тұралап қалатын кезеңдер болады. Әсіресе қыс мезгілінде тапсырыстар азайып кетуі мүмкін. Бірақ біз мұндай уақытта да бос отырмаймыз. Мысалы, тапсырыс азайған кезде темір есіктер жасаймыз – бұл көпқабатты үйлерге, қоймаларға немесе жеке тұрғын үйлерге қажет болады. Сондай-ақ соңғы жылдары үйлерге арналған кондиционер қондырғыларының темір қорапшаларына сұраныс көбейді. Біз оларды стандартты өлшеммен де, арнайы тапсырыспен де жасап қоямыз. Одан бөлек, бос уақытта жаңа үлгілерді ойластырып, авторлық дизайндар, әшекейленген бұйымдар үлгілерін дайындаймыз. Бұл болашақта клиентке көрсететін каталогымызды жаңартып отыруға мүмкіндік береді. Яғни, тапсырыс аз түскен күннің өзінде де жұмыс тоқтамайды – біз уақытты тиімді пайдалануға тырысамыз.
El.kz: Әр заттың артында бір идея тұрады. Шығармашылық шабытты қайдан аласыз?
Асқарбек Базарбекұлы: Иә, дұрыс айтасыз. Кез келген бұйымды жасау – жай ғана темірді кесіп, біріктіріп қоя салу емес. Оның артында ой, идея, келісім және талғам тұрады. Әсіресе, тапсырыспен жұмыс істегенде әр бұйымның өзіндік ерекшелігі, стилі, қолдану мақсаты болады. Сондықтан шығармашылық көзқарассыз, шабытсыз ондай дүниелерді шығару қиын.
Мен өзім шабытты көбіне тәжірибеден, тұтынушының қажеттілігінен және орындалатын кеңістіктен аламын. Яғни, бір тапсырыс түскен кезде, ең алдымен оны қай жерге орнататынын, не үшін қажет екенін, қандай ортада қолданылатынын сұраймын. Сосын өз көзіммен қарап, "мынаны осылай жасасақ қалай болады, ал былай етсек әдемі әрі ыңғайлы болар еді" деп ой қозғай бастаймын. Сол сәтте идеялар өзі-ақ келе бастайды.
Кейде тапсырыс берушінің өзі дайын үлгімен келеді. Олар сурет әкеледі, телефоннан көрсетеді, кейде интернеттен көргенін сипаттап береді. Бірақ көп жағдайда сол бастапқы үлгіге өзгеріс енгізуге тура келеді. Өйткені әр бұйымның жасалатын материалы, орны, қолданылу жиілігі әртүрлі болады. Сол кезде мен өз ұсынысымды айтамын – "мына жерін осылай өзгертсек, беріктігі артады" немесе "мынау сәнді болу үшін мынандай элемент қоссақ қалай қарайсыз?" деп кеңесеміз. Сөйтіп, екі жақ ортақ шешімге келіп, нағыз тапсырысқа лайық бұйымды шығарамыз.
Шығармашылықтың бір көзі – күнделікті жұмыс. Яғни әр бұйым – келесі бұйымға дайындық. Ал идея – кейде жай ғана қарап отырып та келеді. Мысалы, бір ескі үлгіні жаңаша қырынан қарап, соған жаңа элемент қосып, жаңғырту да шабыттың бір түрі. Көп нәрсе – ынта мен көзқарасқа байланысты. Кәсіп болғанмен, егер ол жүректен шықпаса, сапалы дүние де шықпайды. Сондықтан әр бұйымды тек табыс көзі емес, өз қолымнан шыққан бір туынды деп қараймын. Осы көзқарас – менің басты шабыт көзім.
El.kz: Шебердің қолынан шыққан бұйым оның жүрегінің бір бөлшегі деп жатады ғой. Сіз үшін ең ерекше, есте қалған қандай бұйым болды?
Асқарбек Базарбекұлы: Рас, әрбір шебердің қолынан шыққан дүние – оның жан дүниесінің бір бөлшегі. Бірақ біздің жұмысымыз – күнделікті қарбалас, нақты мерзім, нақты тапсырма болғандықтан, әр бұйымды бөлек естелік ретінде сақтап үлгеру де оңай емес. Бірінен кейін бірі келетін тапсырыстардың арасынан нақты біреуін бөліп айту қиын. Десе де, әр істің өзіндік қызығы, әр тапсырыстың өз тарихы бар. Кейде уақыт тығыз болады, кейде үлгі ерекше қиын болып келеді, ал кейде тапсырыс берушінің талабы өзгеше болады.
Біз көбіне «не әкелсе, соны жасаймыз» деген ұстанымдамыз. Әкелген сызбасын қарап, өзіміздің тәжірибемізге сүйеніп, ең тиімді, ең сапалы жолын ұсынамыз. Бірге ақылдасып отырып, соны құрастырып шығарамыз. Сол процестің өзі – шығармашылық әрі техникалық шеберлікке негізделген еңбек.
Темірмен жұмыс істеудің бір артықшылығы – иілгіштік. Яғни дұрыс тәсіл мен құрал қолдансаңыз, темір де адамға көнеді. Қатты материал болса да, оны қалай бағыттасаңыз, солай икемдеп жасауға болады. Бұл жерде бәрі шебердің кәсібилігіне, тәжірибесіне және ойлау қабілетіне байланысты. Қысқасы, біздің жұмысымызда әр күн – жаңа міндет, әр бұйым – жаңа тәжірибе. Ал ерекше есте қалатын сәттер көбіне нәтижені көрген кездегі тұтынушының ризашылығынан білінеді. Сол кезде ғана шын мәнінде еңбегіміздің бағаланғанын сеземіз. Бұл – шебер үшін ең үлкен марапат.
El.kz: Қазіргі заманғы құрал-жабдықтар сіздің жұмысыңызды жеңілдетті ме, әлде шынайы шеберлік тек қолмен жасалған дүниеде ме?
Асқарбек Базарбекұлы: Қазіргі заманғы құрал-жабдықтар біздің жұмысымызды айтарлықтай жеңілдетті. Бұрынғы кезбен салыстырғанда, қазір мүмкіндігіміз әлдеқайда кеңейді, жұмыс жылдамдығы да, сапасы да жоғарылады. Мысалы, алғаш жұмыс істей бастаған жылдары біз темірді болгаркамен кесіп, балғамен майыстырып, барлығын қолмен жасап отыратынбыз. Бір бұйымды жасауға көп уақыт пен күш кететін. Ал қазір, Құдайға шүкір, барлық қажетті заманауи станоктар цехта бар. Темір кесуге арналған арнайы жабдығымыз бар – ол бізге темірді жылдам әрі дәлдікпен кесуге мүмкіндік береді. Болгаркамен сағаттап отыратын жұмысты бұл құрылғы бірнеше минутта тындырып береді.
Темірді майыстыратын арнайы станоктарымыз да бар, олармен бұрын қолмен жасалатын күрделі жұмыстарды тез әрі нақты орындаймыз. Сонымен қатар, бізде «плазморез» бар – бұл құрылғы арқылы темірге компьютер көмегімен неше түрлі ою-өрнек, әшекейлерді кесіп шығуға болады. Қолмен жасай алмайтын күрделі өрнектерді, тіпті ұлттық нақыштағы оюларды да оңай түсіруге болады. Одан бөлек, цех ішінде екі бірдей универсал мастер станогымыз жұмыс істеп тұр. Бұлар – шетелдік, негізінен Қытайдан келген үлгілер. Солардың көмегімен біз бүгінде сырттан ешқандай дайын элемент сатып алмаймыз. Барлық декоративті бөлшектерді, өрнектерді өзіміз жасаймыз. Бұл – бір жағынан уақытты үнемдейді, екінші жағынан сапаға деген сенімділік.
Дегенмен, қандай заманауи құрал болса да, шебердің кәсібилігі мен қол еңбегі бәрібір басты орында. Станок – құрал ғана. Ал оны дұрыс пайдалану, оның мүмкіндігін толық игеру – адамның өзіне байланысты. Сондықтан менің ойымша, шынайы шеберлік – қолда, көзде және ойда. Құрал – тек көмекші.
El.kz: Ал қажетті темірді қайдан алдырасыздар?
Асқарбек Базарбекұлы: Темірді негізінен Шымкент қаласынан алдырамыз. Ол жақта біз ұзақ жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан сенімді серіктестеріміз бар. Әрине, темір – арзан материал емес, сондықтан тапсырыстың көлеміне қарай, кіммен қалай келісеміз, кім жағдайымызға қарайды, соған байланысты алып отырамыз.
Бізге үлкен қолдау көрсетіп келе жатқан серіктесіміз – шымкенттік танымал компания. Бұл мекеме бізбен көп жылдан бері жұмыс істеп келеді. Олардың көмегі біз үшін өте маңызды – кейде қарызға материал береді, төлемді кейінге қалдырып, тапсырыстан түскен қаражатпен есептесуге мүмкіндік жасайды. Бұл – шағын кәсіп үшін үлкен көмек. Олардың бір артықшылығы – жедел әрекет етеді. Қандай материал керек екенін айтсақ, сол күні немесе ертеңінде-ақ тиеп жібереді. Уақыт жоғалтпаймыз, жұмыс тоқтамайды. Бұл бізге тұрақты тапсырыстарды дер кезінде орындауға мүмкіндік береді. Осы ретте айтар едім, сенімді серіктесің болса – кәсібің де алға басады. Сондықтан біз ондай серіктестерді бағалаймыз, әрі өзіміз де адал жұмыс істеуге тырысамыз.
El.kz: Қазіргі таңда цехте қанша станок бар және оларды қай елден алдырдыңыздар?
Асқарбек Базарбекұлы: Қазіргі таңда жұмыс істеп тұрған бірнеше негізгі станок бар, олардың әрқайсысының атқаратын өз қызметі бар. Солардың ішіндегі ең маңыздылары – бес үлкен станокты Ресейден алдырдық. Олар – темірді кесу, майыстыру, өрнек салу сияқты күрделі жұмыстарға арналған заманауи құрылғылар.
Ресейлік станоктар – сапалы, қуатты әрі көп функциялы. Олар бізге тапсырысты жылдам әрі дәл орындауға мүмкіндік береді. Әсіресе, плазмалық кескіш, темірді майыстыратын пресс-станоктар және декоративті өрнек салуға арналған құрылғылар біздің негізгі жұмысымызда күнделікті қолданылады. Ал қалған құрал-жабдықтарды жергілікті жерден – Кентау мен Шымкенттен қолдан сатып алдық. Олар көбіне көмекші құрылғылар – дәнекерлеу аппараттары, қосымша кескіштер, қыспақтар және тағы басқа керек-жарақтар.
El.kz: Темірмен жұмыс істеу кезінде ең көп уақытты не алады? Ойлау ма, шабыт па, әлде техника ма?
Асқарбек Базарбекұлы: Шынын айтқанда, біз үшін темірмен жұмыс істеу – күнделікті тіршілік сияқты, әбден үйреншікті нәрсе. Сондықтан қазір көп ойлануға немесе ұзақ дайындалуға уақыт кетпейді. Қолымызда сызбасы, нақты өлшемі болса – сол жеткілікті. Қалғаны өзінен-өзі келе береді, тәжірибемен орныққан дағды бар. Әрине, бұйым күрделі болса, алдын ала аздап ойлану, есептеу, үйлестіру керек. Бірақ ол көп уақыт алмайды, өйткені көзіміз жаттыққан, қолымыз үйренген. Бізде шабыт деген де – арнайы күтетін нәрсе емес, жұмыс барысында өзі пайда болады. Қарап тұрып-ақ "мынаны былай жасасақ жақсырақ болар еді" деген ойлар туа береді. Сондықтан біз үшін уақыттың көбі – ойлануда да, шабыт күтуде де емес, нақты жұмыстың өзіне, яғни кесу, дәнекерлеу, құрастыру, өңдеу сияқты техникалық процестерге кетеді. Жұмыс барысы дұрыс ұйымдастырылса, уақыт көп жоғалмайды. Ең бастысы – жоспар, сызба және тәжірибе. Қалғаны өз орнына келе береді.
El.kz: Темір ұсталығы – дене еңбегі мен шыдамдылықты талап ететін сала. Бұл кәсіптің басты қиындығы неде?
Асқарбек Базарбекұлы: Шынын айтқанда, бұл кәсіптің ерекше қиындығы бар деп айта алмаймын. Егер қолыңнан іс келсе, сәл де болса баспен ойланып, сабырмен әрекет етсең, темір ұсталығы – меңгеруге, тіпті рахат алуға болатын кәсіп. Бұл жерде басты талап – шыдамдылық.
Бұйым жасау барысында бәрі бірден сәтті шыға бермейді. Кейде сызба бойынша істеп бастайсың, бірақ дайын өнім аздап қисық болып кетуі мүмкін. Ондайда "болды, шықпай жатыр" деп аяқасты бәрін тастап кетуге болмайды. Керісінше, сол сәтте сабырмен қарап, қай жерден қателік кеткенін түсініп, екі-үш рет қайталап жасап, дұрыс нұсқасын табуға тырысамыз. Сонда ғана нәтижесі көңілден шығады.
Бұл кәсіпте ең бастысы – табандылық пен жауапкершілік. Дене еңбегі бар, әрине. Темір – жеңіл материал емес. Көтеру, кесу, майыстыру – бәрі де күш пен ептілікті қажет етеді. Бірақ бәрінен бұрын керек нәрсе – шыдам мен ниет. Егер адам осы іске жүрегімен берілсе, еңбек етуден қашпаса, бұл кәсіп оған ауыр емес.
El.kz: Жарақат алып қалған сәттер болды ма? Қауіпсіздік мәселесін қалай шешесіздер?
Асқарбек Базарбекұлы: Жоқ, шүкір, ондай жағдай бізде болған емес. Болмаса екен деп тілейміз, әрқашан сақтық шараларына үлкен мән береміз. Жарақат – бір сәттік қателіктің нәтижесі, сондықтан цехтағы әр жұмысшы өз міндетін біледі және қауіпсіздік ережелерін сақтауға міндетті.
Цехтағы жұмыс – темір, от, ұшқын, ауыр құралдармен тікелей байланысты болғандықтан, бұл жерде қауіпсіздік техникасы бірінші орында тұрады. Барлық жұмысшыларымыз арнайы жұмыс формасымен, қолғаппен, қорғаныс көзілдірігімен, бас киіммен жүреді. Әр маманның жұмысқа қажетті жеке қорғаныс құралдары толық қамтамасыз етілген.
Біз үшін ең бастысы – адамның амандығы мен денсаулығы. Тапсырыс күтіп тұр екен деп асығып, қауіпсіздікке көз жұму – дұрыс емес. Сондықтан цех ішінде тәртіп пен тәрбие қатар жүреді.
El.kz: Ал кейде жасаған дүниеңіз ойдағыдай шықпай қалған сәтте не істейсіз?
Асқарбек Базарбекұлы: Әрине, ондай сәттер болады. Бұл – шығармашылық еңбек қой. Кейде жасаған дүниең қағаздағы сызбаға сай болса да, көзбен көргенде көңілден шықпай қалатын кездер болады. Бірақ біз ондай жағдайда бәрін тастай салмаймыз, қайтадан қарап, қай тұсында мін барын анықтап, қалпына келтіруге тырысамыз.
Кейде кішкене қисайып кетуі мүмкін, кейде пропорциясы дұрыс шықпауы мүмкін – ондай кезде бір-екі рет түзетеміз, қажет болса, қайта жасап шығарамыз. Себебі ең бастысы – нәтиже, яғни тұтынушының көңілі мен өзіміздің ішкі қанағатымыз.
Біз үшін әр бұйым – өз қолтаңбамыз. Сондықтан жартылай дайын дүниені өткізіп жібере алмаймыз. Көп жағдайда тәжірибе мен шыдамдылық көмектеседі. Бір ретте шықпаған нәрсе екінші, үшінші әрекетте ойдағыдай болып кетеді. Шебер үшін ең бастысы – жарты жолда берілмей, соңына дейін жеткізу.
El.kz: Бір сөзіңізге ою-өрнектер туралы айтып қалдыңыз. Қазіргі заманда сол ұлттық стильге сұраныс қалай?
Асқарбек Базарбекұлы: Иә, қазіргі таңда ұлттық нақыштағы ою-өрнектерге деген сұраныс айтарлықтай артты. Бұрын қарапайым, классикалық үлгілер көбірек сұралса, соңғы жылдары ұлттық стильге бет бұрған тапсырыстар көбейіп келеді. Әсіресе орындықтар, шатыры бар сәкілер, тапчандар, қоршаулар, қақпалар сияқты бұйымдарда қазақы ою-өрнекпен безендіру жиілеп жатыр.
Қазір адамдар тек мықты, ұзаққа шыдайтын темірден жасалған бұйымды ғана емес, көз тартатын, әдемі, ұлттық болмысымызды көрсететін дүние іздейді. Соған сай біз де бұйымдарымызға дәстүрлі элементтерді қолданамыз. Бұл – бір жағынан ұлттық рухты сақтаса, екінші жағынан бұйымның эстетикалық тартымдылығын арттырады.
Бақылап отырсақ, уақыт өткен сайын ұлттық ою-өрнекке деген қызығушылық артып келеді. Бұл бізді қуантады. Себебі біз де соның дамуына үлес қосып отырмыз деп есептейміз.
Қазір біздегі «плазморез» және заманауи қондырғылар арқылы кез келген күрделі оюды темірге әдемілеп түсіре аламыз. Бұл ұлттық нақышты заманауи тәсілмен ұштастырып көрсетуге үлкен мүмкіндік береді.
El.kz: Жалпы бір бұйымды жасауға кететін уақыт шығармашылық процеске байланысты ма, әлде техникалық қиындыққа ма? Мәселен, бір қоқыс жәшігі дейікші...
Асқарбек Базарбекұлы: Шынында, бір бұйымды жасауға кететін уақытты нақты «мынанша минут» деп кесіп айту қиын. Себебі жұмыс процесі тек бір адамның қолында емес – командамен қатар істейміз. Бірі кесіп жатса, екіншісі майыстырып жатады, үшіншісі дәнекерлейді. Әркім өз міндетін жақсы біледі, сондықтан жұмыс бір мезетте бірнеше бағытта қатар жүреді. Мысалы, жай ғана бір қоқыс жәшігін алып қарайтын болсақ – оны жасауда аса бір шығармашылық күрделілік болмаса да, техникалық жағынан нақты реттілік керек. Үшеу болып іске кіріссек, әркім өз жұмысын жеңіл, үйлесімді қимылмен атқарады, сөйтіп 15-20 минуттың ішінде дайын өнімді шығарып үлгереміз. Әрине, күрделірек бұйымдар – мысалы, декоративті орындықтар, оюлы қақпалар немесе арнайы тапсырыспен жасалатын бұйымдар – көбірек уақыт алады. Онда әрі идеяны пысықтау, әрі дәлдікпен жұмыс істеу маңызды.
Дегенмен біздегі басты артықшылық – тәжірибе мен ұйымдасқан командалық жұмыс. Осы екі фактордың арқасында кез келген жұмысты жылдам әрі сапалы орындап шығуға болады.
El.kz: Ұлыңыз сізді жолыңызды қуып келеді екен. Жасы қаншада?
Асқарбек Базарбекұлы: Ұлым 1993 жылы дүниеге келген, қазір 32 жаста. Алматыдағы жоғары оқу орнын бітіріп, 22 жасында дипломын алды. Мамандығы бастапқыда теміржол саласына қатысты болды. Бірақ қазір, білім алғанымен бірге, ол кәсіби салада толықтай өз орнын тапты деп айта аламын. Өйткені бүгінде ол біздің цехта жұмыс істеп жүр, әрдайым жанымда, қолғабыс көрсетеді.
Ұлыма цех жұмысы өте ұнайды, темірге деген қызығушылығы күннен күнге артып келеді. Алғашында басқа салаға бет бұрғанымен, кейінгі жылдары ол осы кәсіпті жалғастыруды таңдады. Қазір біздің бірге істеп жатқанымызға қуаныштымын, себебі оның еңбекқорлығы мен кәсібилігі біздің жұмыстың сапасын арттырып жатыр.
Оның жанында болған сайын, болашақта бұл іс оның өмірлік миссиясына айналарына сенімім мол. Баламның осындай таңдауы – маған үлкен мақтаныш және сенім береді.
El.kz: Ұсталық өнерге деген қазіргі жастардың қызығушылығы қандай деңгейде деп ойлайсыз?
Асқарбек Базарбекұлы: Қазіргі жастардың ұсталық өнерге деген қызығушылығы әртүрлі деп айта аламын. Әр адамның қалауы мен мақсаттары сан қилы ғой. Бірақ біздің цехқа қарасақ, көптеген жастар келіп, дәнекерлеу, болгаркамен темір кесу сияқты шеберліктерді үйреніп жатыр.
Шынында, бізден тәлім алған, біздің тәрбиемізді көрген шәкірттер көп. Олар тек біздің цехта ғана емес, басқа да жерлерде еңбек етіп жүр. Өкінішке қарай, үйренген адамды күштеп ұстап отыра алмайсыз, «Өссем, өркендесем, басқа жаққа кетсем» деп шешуі де мүмкін. Мұндай кезде біз барынша батасын беріп, шығарып саламыз, бұл – қалыпты нәрсе.
Жалпы, жастар арасында ұсталық өнерге деген қызығушылық бар. Бұл маған үлкен қуаныш пен үміт береді, себебі кәсіби шеберлікті жалғастыратын жас ұрпақ өсіп келе жатыр. Осындай жастардың арқасында біздің кәсіптің дамуы әрі қарай жалғаспақ.
El.kz: Ал өзіңіз қанша шәкірт тәрбиеледіңіз? Қазіргі таңда өзіңізбен бірге цехта еңбек етіп жүрген шәкірттеріңіз бар ма?
Асқарбек Базарбекұлы: Нақты санын айту қиын, бірақ шамамен қырық-елуден астам шәкірт тәрбиелеген шығармын. Цехты бастап, бригада құрып, осы істі дөңгелеткеннен бері мамандарымыз көп жинақталды. Көпшілігі тәжірибелі кісілер, үлкендер, ал жастар екі-үш адам ғана.
Жастарды өзім де үйретемін, сондай-ақ цехтағы үлкен шеберлерден де үйренеді. Қазіргі кезде жастар өздері интернет арқылы көп ізденеді, үлкендердің жұмысын қарап, үйренуге талпынып жатыр. Бірақ кейбірі тұрақсыз келеді, үш-төрт күн қарап, кейін кетіп қалады. Ондай адамға жалақы төлеп, ұстап отыру қиын.
Мен олармен сөйлесіп, «балам, егер шын қызықпаған болсаң, қолыңнан келмейтін болса, бара ғой» деп айтамын. Өйткені ұсталық – ебі мен ынтасы бар адамға ғана беріледі. Қызығушылықсыз әрі шыдамсыз адамнан жақсы нәтиже шықпайды.
El.kz: Өзіңізге «Аға, мен сізден үйренгім келеді » деп өтінішпен келіп, үмітіңізді ақтаған шәкірттеріңіз бар ма? Нақты кімдерді айта аласыз?
Асқарбек Базарбекұлы: Иә, ондай шәкірттер көп, бұл мені өте қуантады. Мысалы, Түркістаннан Қуаныш деген бала бар. Ол өз үйінен шағын цех ашып, өз ісімен айналысып жатыр. Қуаныш жасы шамамен 24-25 жасында біздің цехқа келіп, 4-5 жыл жұмыс істеді. Қазір оның жасы отыздан асты. Бір күні Қуаныш маған «Енді өзім жеке шықсам бола ма?» деп сұрады. Мен оған батамды бердім. Қазір ол өз ісін дамытып жатыр. Біз әлі де үнемі хабарласып тұрамыз. Ол онша-мұнша білмегенін тұсын кеңесіп отырады. Шәкірттеріміздің осындай жауапкершілігі мен ынтасы бар болуы — ұсталық өнердің әрі қарай дамуына үлкен серпін береді.
El.kz: «Дамудан» бөлек мемлекеттен басқа қолдау алған жоқсыздар ма? Жалпы ондай ой бар ма?
Асқарбек Базарбекұлы: Шынымды айтсам, ешкімнің алдына барғым жоқ. Біраз бұрын кредит алу үшін банктердің біріне бардым, бірақ көп құжат жинауды талап етті. Ол құжаттарды жинау үшін әрбір есікті жағалауың қажет. Ондайға уақытым жетпеді, сондықтан кейін қоя салдым. Қазір адам біреудің алдына барса, көңілі су сепкендей болады ғой, шіреніп тұрады. Сондықтан өз күшімізге сеніп, жұмысымызды жақсы атқаруға тырысамыз.
El.kz: Цехты, өз өнімдеріңізді таныту мақсатында қандай жұмыстар атқарып жатырсыздар?
Асқарбек Базарбекұлы: Біз жарнамаға көп мән бермейміз. Облыста біздің цехты танитындар көп. Олар өздері хабарласып, тапсырыс береді. Сондықтан арнайы жарнама жасау қажеттілігі болған жоқ.
El.kz: Өз арманыңыздағы, әлі күнге дейін іске аспаған, бірақ ішкі түйсігіңізбен қалай да жүзеге асыруым керек деп жүрген бір жоспарыңыз бар ма?
Асқарбек Базарбекұлы: Иә, бар. Ең үлкен арманым – лазерлі станок алу. Қазірде бізде плазмалық станок бар, ол жұмысымызды айтарлықтай жеңілдетті, бірақ лазерлі станоктың артықшылығы әлдеқайда көп. Ол кесуді жылдам әрі дәл орындайды, бұйымдардың сапасын көтереді. Осы құралды алу арқылы цехымызды әрі қарай дамытып, күрделірек және сапалы өнімдер шығаруға мүмкіндік туар еді. Сол үшін бар күш-жігерімізді жұмсап, қаржы жинап жатырмыз. Бұл – менің үлкен жоспарым және оны міндетті түрде жүзеге асыруға бекінгенмін. Сонымен бірге алдағы уақытта кәсіпті одан әрі дамытып, цехымызды кеңейтуді де жоспарлап отырмыз. Құдай қаласа, осы мақсаттарға жетуге күш саламыз.
El.kz: Цехты дөңгелетіп отырғаныңызға бес жыл болған екен. Осы жылдар ішінде қандай өзгерістер болды? Алдағы бес жылдан кейін өзіңізді және цехыңызды қалай елестетесіз?
Асқарбек Базарбекұлы: Осы бес жылдың ішінде көп өзгерістер болды. Ең үлкені – техника жағынан. Бұрын бәрін қолмен істейтінбіз, қазір қолымызда заманауи станоктар бар. Цехтағы жігіттер де көп нәрсеге үйренді, кәсіби деңгейіміз айтарлықтай көтерілді. Ал алдағы бес жылға келсек, біз көбіне мемлекеттік тапсырыстарды орындайтын мердігер мекемелермен жұмыс істейміз. Шетел нарығына шығу немесе үлкен жарнама жасау туралы әзірге жоспарымыз жоқ. Қазіргі кезде Қазақстан ішіндегі тапсырыстарды сапалы әрі уақытылы орындауға тырысамыз. Әрине, цехты әрі қарай дамыту, жаңа техника алу сияқты ойлар бар, бірақ ең алдымен өзімізге берілген міндетті жақсы атқару маңызды.
El.kz: Ендеше кәсібіңіз берекелі болсын! Сұхбатыңызға көп рахмет!