Жаңа оқу жылы қарсаңында Түркістан облысында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 8 жаңа мектеп пен 2 жалпы орта білім ошағы ашылды.

Бұл – өңірдегі білім инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстың нақты көрінісі. Жобаның түпкі мақсаты – білім беру саласын жаңғырта отырып, әрбір балаға сапалы білім беру.

Жаңа оқу жылында Сайрам ауданы Ақсу ауылында 600 орындық жаңа «Келешек мектебі» пайдалануға берілді. Білім ұясының салтанатты ашылу рәсіміне қатысқан облыс әкімі Нұралхан Көшеров ұстаздар мен оқушыларды білім күнімен құттықтап, сәттілік тіледі.

Нұралхан Көшеров, Түркістан облысының әкімі:

- Биыл өңірде 1-сыныпқа 48 мыңнан астам бала барып, мектеп табалдырығын аттады. Білімге құштар болыңыздар, биік мақсат қойыңыздар. Соған жете беріңіздер. Құрметті ұстаздар, сіздерге білім мен сапалы тәрбие берудегі еңбектеріңізге алғыс айтамыз. Зор денсаулық, қажырлы еңбек, шығармашылық табыс тілейміз.

Бұдан бөлек, білім күні Төлеби ауданында 900 орындық, Шардара, Сауран, Келес, Сарыағаш, Ордабасы, Мақтаарал аудандарында 300 орындық және Арыс қаласында 600 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді. Жаңа мектептер заман талабына сай толық жабдықталған.

Назерке Шаншархан, 9-сынып оқушысы:

- Бұрын мектепте тігін тігу жоқ еді. Енді біз осылай тігін тігіп, жақсы қабілеттерді үйрене аламыз. Осылай «Жайлы мектеп» салып берген Мемлекет басшысына көп рахмет айтамыз.

Кең көлемді мәжіліс залы, заманауи шеберханалар, кітапхана, асхана, спорт залы, би алаңы, медициналық кабинеттер мен бейнебақылау жүйелері қарастырылған. Мамандар мұнда білім беру сапасы ғана емес, оқушының шығармашылық әлеуетін ашуға, цифрлық сауаттылығын арттыруға, қауіпсіз және ыңғайлы орта қалыптастыруға баса мән берілгенін айтады.

Еркінәлі Ақбердиев, №3 жалпы білім беретін мектеп директоры:

- Барлық сыныптарда технологиялық жобада жағдай жасалған. Қазір жасанды интеллект бойынша кабинеттер бар. Стем кабинеттер бар. Химия, биология, физика кабинеттері жабдықталған.

«Бұл – болашаққа салынған көпір. Мұғалімдер мен оқушылардың заманауи, қолайлы ортада еңбек етіп, білім алуы – еліміздің интеллектуалды әлеуетін арттыратын басты құрал», — дейді жауаптылар.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, 24KZ