Шахтерлер күні қарсаңында көмір өнеркәсібі саласында еңбек етіп жүрген азаматтарға мемлекеттік наградалар табысталды.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан Премьер-министр Олжас Бектенов сала мамандары мен ардагерлерді құттықтады. Қазақстан – минералдық ресурстардың ең ірі қоры бар он мемлекет қатарында. Еліміздегі көмір қоры 34 млрд тоннаға бағаланады. Бұл әлемдік ресурстың төрт пайызы. 2025 жылдың жеті айында ел экономикасының өсу көрсеткіші 6,3 пайызға жетті. Бұл ретте тау-кен өнеркәсібі мен көмір өндіру саласының қосқан үлесі зор. Салада 145 мыңнан астам азамат қызмет етеді, оның 32 мыңы – көмір өнеркәсібінде. Олжас Бектенов тау-кен өнеркәсібі өзінің стратегиялық маңызын сақтап қала беретінін атап өтті. Шахтерлер мен кеншілер елімізде жұмысшы мамандарға көп көңіл бөлініп жатқаны үшін алғыс білдірді.

Ербол Есетов, Қ.Сәтбаев атындағы «Жезқазғантүстімет» өндірістік бірлестігінің үңгілеушісі:

1996 жылы тау-кен өнеркәсібінде кенші болып жұмысқа тұрғам. 28 жыл жұмыс істеймін. Бүгін мынау еңбегіміз еленіп, жоғары мемлекеттік марапат алып жатқанымызға алғысымды айтамын.

Мұқан Үнгітбаев, «Қарағандытүстімет» өндірістік бірлестігі «Нұрқазған» кенішінің директоры:

Елімізде бақ-береке болсын. Кеніштердің жұмысы табысты болсын, қауіпсіз болсын. Бүгінгі мерекенің қарсаңында елбасына, үкімет басшыларына осы еңбегімізді елеп, беріп жатқан марапаттарына үлкен рахмет айтамыз.

Эльмира Кәленова