«Global Banking & Finance Review» британдық басылымы Қазақстанда өмір сүру деңгейін арттыру туралы мақала жариялады және оған қол жеткізуге мүмкіндік беретін шараларды тізімдеді, деп жазады Egemen.kz.

Басылым атап өткендей, дәстүрлі түрде өзінің табиғи ресурсымен танымал Қазақстан өмір сүру деңгейін арттыру жөніндегі күш-жігерімен де таныла түсіп отыр. Ресми статистикаға сәйкес 2024 жылға қарай елдегі кедейшілік деңгейі 2001 жылғы 46,7%-дан 5%-ға дейін төмендеді. Осы кезеңде нақты жалақы 21%-ға өсті, бұл – инклюзивті өсуге бағытталған көп өлшемді трансформацияның айғағы.

Қазақстанның кедейшілікпен күресу үшін тікелей ақшалай төлемдерге едәуір дәрежеде сүйенетін көптеген дамушы экономикадан айырмашылығы – жұмыс орындарын құруға және еңбек нарығына кірігуге баса назар аударылады. Бұл саладағы негізгі бастамалардың бірі – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Жобалардың инновациялық навигаторы» – еңбек нарығындағы үрдістерді бақылайтын, инвестициялық ағындарды талдайтын және жұмыспен қамту әлеуетін болжайтын цифрлық платформа. Қазіргі уақытта платформа жалпы құны 73,7 трлн теңге болатын 220 000-нан астам жаңа жұмыс орнын құруға бағытталған 1383 инвестициялық жобаны қадағалап отыр. 2025 жылға қарай 30 660 жұмыс орны құрылды. Өңірлік жұмыспен қамту жол карталары 250 000-нан астам азаматтың жұмыс табуына мүмкіндік берді, оның ішінде 115 900-і – субсидияланған жұмыс орны, 66 600-і – ашық нарықта және 62 900-і – жеке бастамалар арқылы, деп атап өтті басылымның бас редакторы Ванда Рич.

Ол биыл құрылған 90 000-ға жуық жұмыс орны тұрақты екендігін, мұның өзі ұзақ мерзімді әлеуметтік тұрақтылыққа ықпал ететіндігін атап көрсетті. Сондай-ақ түлектер үшін кепілдендірілген жұмысқа орналасу арқылы қысқа мерзімді кәсіптік оқыту бағдарламалары ұсынылады. Олар мүгедектігі бар адамдар, арнаулы білімі жоқ жастар және жұмыссыз түлектер сияқты әлеуметтік тұрғыдан әлжуаз топтарға бағытталған. Өңірлер арасындағы жұмыс күшін ұсынудағы теңгерімсіздікті жою үшін қоныс аударуға арналған гранттар пайдаланылады.

2025 жылы зейнеткерлерді, мүгедектігі бар адамдарды және көп балалы отбасыларды қоса алғанда, 4,7 млн әлжуаз азаматты қолдауға 6 трлн теңгеден астам қаражат бөлінді. Әлеуметтік әлжуаздықты бағалау жүйесіне негізделген жаңа цифрлық платформа нақты қаржылық қажеттілікті анықтап, ресурстарды әділ әрі тиімді бөлуді қамтамасыз етуге септігін тигізеді. Қазіргі уақытта платформа жекелеген өңірлерде қанатқақты тестілеуден өткізіліп жатыр.

Сондай-ақ Қазақстан жыл сайын 4,7 млн-нан астам адам үшін зейнетақы мен жәрдемақыны индекстеп келеді. 2023 жылы басталған кезеңдік реформа 2027 жылға қарай базалық зейнетақыны базалық стандарттың 70%-на дейін ұлғайтады, ал ең жоғары мөлшері 120%-ға жетеді. Нәтижесінде, 2023 жылы 2,3 млн зейнеткердің зейнетақысы орта есеппен 28%-ға ұлғайтылды. Ал 2025 жылдың басында зейнетақыны алмастыру коэффициенті 45,5%-ға жетті, бұл Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) стандарттарына сәйкес келеді. Мемлекеттік сектор үшін жалақының ашықтығын арттыру және ынталандыру шаралары қолданылды.

2024 жылы Қазақстан жалақы мен еңбек өнімділігінің медиандық деңгейіне негізделген ең төменгі жалақыны есептеудің жаңа әдіснамасын бекітті. Бұл жүйе жұмыс берушілердің мүмкіндіктері мен жұмыскерлердің қажеттіліктерін теңестіру арқылы жалақының болжамдылығын арттырады. 2020 жылдан 2025 жылға дейін 1,2 млн мемлекеттік қызметшінің жалақысы айтарлықтай өсірілді. Атап айтқанда, 2020-2023 жылдар аралығында 600 000-ға жуық мұғалім мен 40 000 әлеуметтік қызметкердің жалақылары екі есе көбейтілді. Медицина қызметкерлерінің жалақысы да жыл сайын өсірілді: дәрігерлер үшін 30%-ға және медбикелер үшін 20%-ға. Бұған қоса, 600 000 мемлекеттік қызметшінің жалақысы кезең-кезеңмен арттырылды. 2024 жылы қауіпті жағдайда жұмыс істейтін жұмыскерлер үшін жұмыс орнындағы қауіпсіздікті ынталандыру және кәсіптік аурулардың алдын алу мақсатында арнайы әлеуметтік төлем енгізілді, деп атап өтті автор.

Қазақстанның құрылымдық реформалары әлеуметтік сектор аясынан әрі асып кетті. 2025 жылы – шамамен 20 000 жұмыс орнын құратын 45 жаңа инвестициялық жоба, 2026 жылы – 24 900 жұмыс орны бар 98 жоба, ал 2027 жылы – 27 700 жұмыс орны бар 56 жоба іске қосылмақшы. 2010 жылдан бастап үй шаруашылықтарының нақты кірісі дағдарыстарға қарамастан 80%-ға өсті. Бұл әлеуметтік шығыстардың ұлғайтудың арқасында мүмкін болды: 2010 жылдан 2025 жылға дейін шоғырландырылған бюджеттік шығыстар 4,5 трлн теңгеден 30,3 трлн теңгеге дейін арттырылды, ал әлеуметтік қорғауға арналған шығыстар 6,7 есе ұлғайып, 6 трлн теңгеге жетті. Осы кезеңде әлеуметтік шығындар тұрақты түрде ұлттық бюджеттің шамамен 20%-ын құрады.

Қазақстанның тұрақсыздық пен теңсіздіктен жиі зардап шегетін өңірде нақты деректерге және жұмыспен қамтуға бағдарланған әлеуметтік саясаты әлеуетті модель болып отыр. Цифрлық платформаларды, фискалдық жоспарлауды және инклюзивті жұмыспен қамту тетіктерін интеграциялау әлеуметтік инвестициялардың ұзақ мерзімді экономикалық тұрақтылыққа қалай сәйкес келетіндігін көрсетіп берді. Қазіргі демографиялық өзгерістер мен жаһандық белгісіздікке қарамастан, Қазақстанның траекториясы кедейшілік деңгейінің төмендеуін ғана емес, сонымен қатар құрылымдық өркендеуге қайта бағдарлану жүріп жатқандығын да анық аңғартты деп түйіндеді автор.

Аударған – К.Мұсырман