Алтайдың ажарын көруге асыққан туристер жол азабын тартпай-ақ санаулы сағатта Қатонқарағайға жете алады. Тұмса табиғаты талайды таңдай қақтырған өлкеде әуежай құрылысы қарқынды жүріп жатыр, деп хабарлайды 24kz.
Енді өңірге келетін туристердің саны да артады.
Асланбек Шығыр, тілші:
- Қатонқарағай тек шығыстың емес, күллі Қазақстан брендіне айналды. Елдің әр өңірінен бөлек, алыс-жақын шетелден ағылып жатқан турист көп. Бірақ демалыс аймағы облыс орталығынан 500 шақырым жерде орналасқан. Көлікпен жету үшін кемінде 6-7 сағат жол жүру керек.
Әсел Сейітжанова, турист:
- Жауаптылардың осы өңірге назар аударғаны қуантады. Бұл, шынында, ғажап мекен. Жаңа әуежайдың салынуы – үлкен мүмкіндік. Келер жылы құрылыс аяқталса, тағы да келуді жоспарлап отырмыз. Бүгінгідей емес, 1-2 сағат жол жүріп жетсек, керемет емес пе?!
Құрылыс алаңында жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. Негізгі күш ұшу-қону жолағын салуға жұмылдырылған. Аумақ 5 метрге дейін қазылды. Жұмысшылар соны толтырып, іргетасын қалап жатыр. Ал бұған 1 ай уақыт кеткен.
Нұржан Ескендіров, мердігер мекеме өкілі:
- Сазды топырақты алып, орнына тасты топырақ салып жатырмыз. Мұнда ұшақтар қонатындықтан, негізі мықты болуы керек. Ұзындығы 500-700 метр ұшу-қону жолағын 5 метрге дейін қазып шықтық.
Жақында әуежай терминалы мен қоймалардың құрылысы басталады. Ауа райы қолайсыз болса да жұмысшылар қарқынды бәсеңдетпеген. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында қолға алынған жобаны уақытында аяқтау маңызды.
Нұрбек Тұраров, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары:
- Қазір электр желісі тартылып жатыр. Жалпы құрылыс кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Тіпті кей жұмысты мерзімінен бұрын аяқтадық. Құрылыс алаңында жұмысшылар үш ауысыммен істейді.
Қатонқарағайға жыл сайын 100 мың турист келеді. «Жаңа әуежай қолданысқа берілсе, әсем аймақты тамашалауға келетіндер саны 3 есе артады»,- дейді әкімдіктегілер.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Анель Есенбердина, Жігер Бабақанов, Дмитрий Пыхтин