Батыс Қазақстан облысының журналистеріне интернет алаяқтардың құрбаны болмау жолдары түсіндірілді, деп хабарлайды 24kz.
Олар үшін Орал қаласында Halyk банктің ұйымдастыруымен семинар-тренинг өтті. Алқалы жиынға медиа саласының 30-дан астам қызметкері қатысты. Айта кетейік, осындай іс-шаралар былтыр Қазақстанның алты қаласында табысты өткен болатын.
Қазақстанда жыл басынан бері цифрлық кеңістікте азаматтарды алдаумен байланысты 10 мыңнан астам қылмыс тіркелген. Бейтаныс адамдар өздерін негізінен полиция қызметкері немесе банк қызметкері ретінде таныстырады. Halyk bank филиалы директорының орынбасары жалған банк қызметкерлерінің негізгі қулықтары туралы айтып берді.
Ринат Губашев, Halyk Bank Батыс Қазақстан облыстық филиалы директорының орынбасары:
- Банк қызметкері ешқашан дербес деректерді сұрамайды, ешқашан карта нөмірлерін сұратпайды. Картаның қолданылу мерзімі. Әртүрлі кодтар. Біз мұндай деректерді сұратпаймыз. Мұндай деректерді әдетте алаяқтар сұратады.
Семинар-тренингте бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері тек қана алаяқтыққа қарсы әрекет етуді үйренумен шектелген жоқ. Спикерлер белсенді ақпарат көздерінен алынған қажетті деректерді тиімді пайдалану, YouTube арналарын ашу, сондай-ақ жасанды интеллект көмегімен сайттарды құру туралы әңгімелеп берді. Маңызды шара түркітілдес журналистер қорымен бірлесіп ұйымдастырылды. Ауқымды жоба өткен жылы басталған болатын.
Нәзия Жоямергенқызы, Түркітілдес журналистер қорының президенті:
- Ақтау, Атырау, Ақтөбе, Түркістан, Шымкент. Қызылорда қалаларында өткізілген, алты қалада. Биыл Орал, Қостанай, Тараз, Өскемен және Семей қалаларында өтеді, бес қалада. Біз бірінші Оралдан бастадық. Басты мақсатымыз – журналистердің қаржылық сауатын аша отырып, жалпы халықтың қаржылық сауатын жақсарту.
Медиа саланың өкілдеріне арналған семинарлар мен тренингтерді еліміздің өзге де қалаларында өткізу жоспарлануда.
Айта кетейік, жыл басынан бері онлайн-алаяқтар Батыс Қазақстан облысының тұрғындарына 345 миллион теңге көлемінде зиян келтірген.
Авторлары: Серік-Ибраһим Орынбек, Қалыбек Акрап, Эльдар Аюпов