Маңғыстауда Түпқараған ауданының тұрғындары «Балықшылар күнін» атап өтті. Айта кетейік, бұл ауданда қармақ салып, ау құруды білмейтін адам кемде кем. Себебі, жергілікті халықтың тұрмысы теңізбен, балық шаруашылығымен тығыз байланысты. Мерекелік шарада осы салада маңдай терін төккен ардагерлер мен кәсіби балықшыларға сый-құрмет көрсетілді.

Форт Шевченко қаласының тұрғыны Мир Жолдыбаев жарты ғасыр ғұмырын байырғы кәсіп – балық аулауға арнаған. Соның арқасында нәпақа тауып, бала шағасын асырап отыр. Алайда қазір балықшыларға жағдай жасалмағанын айтады. Әркім өз күнін өзі көруде. Оларға ең алдымен балық қабылдау пункті қажет.

Мир Жолдыбаев, ардагер балықшы:

Балықты қабылдайтын жер жасап, соған бір үлкен тоңазытқыш салса, онда халықтың балық аулағаны да көрінер еді. Еңбектері де бір жерге түсіп, еңбекақысын бір жерден алып, халыққа да қолжетімді бағамен сатар еді.

Түпқараған ауданындағы Баутин ауылы балық шаруашылығын дамытуға ерекше үлес қосқан елді мекен. 1974 жылы мұнда «Маңғышлақ балық тоңазыту» басқармасы құрылып, балық өңдеу цехы жұмыс істеген. Аудан халқының басым бөлігі сол цехта еңбек етіп, теңіз байлығын өңдеп, өнімдерін шетелге экспорттады.

Жидехан Қыдырбаева, Балық шаруашылығы саласының ардагері:

Онжылдықты бітіргеннен кейін әке жолын қуып, осы балық өнеркәсібінде алғашқы еңбегімді бастадым. «Маңғышлақ балық тоңазыту» басқармасында 17 жыл жұмыс істедім. Штаттың қысқаруына байланысты мекеме 1999 жылы жабылды. Балықшылар күні құтты болсын дегім келеді. Дендері сау болсын. Балық өнеркәсібін болашақта жастар өркендете берсін.

Бүгінде аймақта балық өсімімен айналысатын 3 мекеме жұмыс істейді. Оның екеуі бекіре, біреуі жайын балығын өндіріп, жылына 70 тонна өнім беріп отыр. Одан бөлек, өңірде Каспий албырт балығының шабақтары өсіріледі.

Арман Молдашев, облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы:

Каспий албырт балығын жасанды түрде алдағы уақытта аквашаруашылықты дамыту бағытында қолданғымыз келеді. Аквашарушылық кезінде балық азығының 30 пайызын жаңа шабақтар сатып алса, соның 50 пайызын — аналық табындар, 50 пайызын — дәрі-дәрмектер және биологиялық негіздемесін жасауға 50 пайыз шығындарын өтеп отырмыз.

Облыста 600-ден астам балықшы бар. Мерекелік шарада осы саланы дамытуға үлес қосқан ардагерлер мен кәсіби балықшаларға сый-құрмет көрсетілді.

Аягөз Оралбайқызы