Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) арнайы комиссиясының баяндамасына сәйкес, жер бетінде әр алтыншы адам жалғыздықтан жапа шегеді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Сарапшылардың есебінше, жалғыздықпен байланысты себептерден сағатына шамамен 100 адам қайтыс болады, ал бұл ­– жылына 871 мыңнан астам өлім деген сөз.

ДДСҰ-ның әлеуметтік байланыстар жөніндегі комиссиясының тең төрағасы, АҚШ-тың бұрынғы бас санитар дәрігері Вивек Мёрти бұл есепте жалғыздық пен әлеуметтік оқшаулану алғаш рет қазіргі заманның нақты әлеуметтік мәселесі ретінде қарастырылып отырғанын атап өтті.

ДДСҰ-ның анықтамасына сәйкес:

Жалғыздық – бұл адамның қалаған қарым-қатынасы мен шынайы араласу деңгейінің арасындағы алшақтықтан туындайтын ауыр психологиялық күй.

Әлеуметтік оқшаулану – шынайы қарым-қатынас пен әлеуметтік байланыстардың жетіспеушілігі.

Ал ДДСҰ бас директоры Тедрос Аданом Гебрейесус былай деді:

Қарым-қатынас жасауға шексіз мүмкіндік бар заманда адамдар бұрынғыдан да жиі жалғыздық пен оқшаулануға тап болуда. Жалғыздық – адамның, отбасының және қоғамның саулығына қауіпті. Егер бұл мәселені елемей, шара қолданбасақ, оның салдары денсаулық сақтау, білім беру және еңбек салаларына миллиардтаған шығын алып келеді.

Жалғыздық кез келген жастағы адамға тән, бірақ ол көбіне жастар мен табысы төмен және орта деңгейдегі елдердің тұрғындары арасында жиі кездеседі. Мысалы, 13 пен 29 жас аралығындағы жастардың 17-21%-ы өздерін жалғыз сезінетінін мойындаған. Ал табысы төмен елдерде бұл көрсеткіш 24%-ға дейін жетеді, бұл – табысы жоғары елдермен салыстырғанда екі есе көп (шамамен 11%).

Комиссияның тең төрағасы, Африка одағы төрағасының кеңесшісі Чидо Мпемба:

Көптеген жастар цифрлық технологиялар заманында да жалғыздықты сезінеді. Технологиялар өмірімізді өзгертіп жатыр, бірақ олар адамзат арасындағы байланысты әлсіретпей, керісінше, күшейтуі тиіс, – деді.

Жалғыздық пен оқшауланудың себептері әртүрлі: денсаулық жағдайы, табыстың аздығы, білім деңгейі, жалғыз тұру, әлеуметтік инфрақұрылымның дамымағандығы, мемлекеттік саясаттың әлсіздігі, сондай-ақ цифрлық ортадағы кейбір мәселелер.

ДДСҰ деректеріне сәйкес, жалғыздық пен оқшаулану инсульт, қант диабеті, жүрек-қан тамыр аурулары, депрессия және өз-өзіне қол жұмсау қаупін арттырады. Жалғыз қалған жасөспірімдер оқу үлгерімінің төмендігінен зардап шексе, ересектер үшін жұмыс табу қиындайды. Ал бұл өз кезегінде қоғам үшін де ауыр экономикалық салдарға әкеледі – еңбек өнімділігі төмендейді, медицинаға кететін шығындар артады.

Не істеу керек?

ДДСҰ үкіметтерді халықты біріктіретін қоғамдық кеңістіктерді – саябақтар, кітапханалар, дәмханаларды дамытуға шақырады. Сонымен қатар адамдарға жиі туыстарын, достарын еске алып, әлеуметтік клубтар мен волонтёрлік ұйымдарға қосылуға кеңес береді. Тіпті досыңмен немесе танысыңмен кездескенде телефонды шетке қою, көршімен амандасу секілді қарапайым әрекеттердің өзі жалғыздықтың алдын алуға көмектеседі.

ДДСҰ бұл қарапайым қадамдардың өзімен жалғыздық дағдарысының ауқымын азайтуға болатынын ерекше атап өтті.