Алматыда жаяу жүргіншілер өткелінде жеті жасар қыз баланы қағып кеткен жүк көлігінің жүргізушісіне қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы Kazinform агенттігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Естеріңізге сала кетейік, қайғылы оқиға биыл 2 сәуірде Алматының Алатау ауданында болған еді.

Полицияның берген ақпараты бойынша Renault маркалы жүк көлігінің жүргізушісі Бурундайская көшесімен батыс бағытта келе жатып Новая көшесінің қиылысында жаяу жүргіншілер өткелімен жолды кесіп өтіп бара жатқан жеті жасар қыз баланы қағып кеткен.

Қыз бала оқиға орнында көз жұмып, полиция қылмыстық іс қозғаған болатын.

Агенттіктің жазуынша, тергеу нәтижесінде Алатау аудандық соты жүргізушіні ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 3-бөлігі (Көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу, абайсызда адам өліміне әкеп соққан іс-әрекет) бойынша кінәлі деп таныған.

Оған 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру және 5 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айыру жазасы тағайындалған.

Апелляциялық сот үкімді өзгеріссіз қалдырған.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз