Италияның Милан қаласында "Қайрат" пен "Интер" арасындағы матчта алматылық команданы орыс тілінде хабарлаған.

Бұл туралы спорт журналисі Олжас Байбосын Instagram желісіндегі парақшасында айтты, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Олжас Байбосын аталмыш жағдайға қатысты спорт комментаторы, журналист Ермұхамед Мәуленнен сұхбат алып, желіде жариялады.

«Қазақстан футболының тілі — орыс тілі. Сондықтан осындай жағдай. УЕФА-да, оның бөімшелерінде, клубтық жарыстар департаменттерінде, Ұлттық құрамалар жарыстар департаменті, кез келген жерде Қазақстанның тілі орыс тілі деп ойлайды. Мен Ұлттық құрамада жұмыс істеген кезде көп матчтарда, диктор табылмаған мемлекеттерде өзім диктор болдым. Көбіне елшіліктегі азаматтар да қазақ тілінде диктор болып көмектесті. Көп елдерде қазақ тілінде болады деп тапсырмасаңыз әлі күнге дейін базада орыс тілі тұр. Мысалы, біз Италияда бірінші рет ойнадық. Сондықтан бұл елде біздің тіліміз орыс тілі деп тұр. Бұл іспен клубтың менеджерлері айналысуы керек. Солар «біздің команданың, жанкүйерлердің тілі — қазақ тілі, сол себепті қазақ тілді дикторларды қоюларыңызды сұраймыз» деп өтініш айту керек. Түк қиын емес. Осы матчты ұйымдастырған УЕФА және «Интер» командасы қазақ тілді дикторды тауып, ақысын төлеп қою керек. Диктор болмаған жағдайда тегін-ақ істеуге дайынбыз

Алғашқы конфликт 2021 жылы Украинада болды. Бізге орыс тілін таңдап қойған екен. Оған украиналықтардың өзі де қарсы болды. «Орыс тілі емес, басқа тілді таңдауға болмай ма, сіздерге ағылшын тілін қойсақ» деді. Мен «біз ағылшынтілді мемлекет емеспіз, біз қазақтілді елміз. Сондықтан қазақтілді диктор қойсаңыздар» дедім. Олар келісті. Одан кейін Францияда, Финляндияда, Молдовада, Әзербайжанда мен өзім диктор болдым», — дейді ол.