Мегаполистің тау бөктерінде 3 қабаттан биік тұрғын үй құрылысына тыйым салынады.

Алматы қаласы мәслихатының 2025 жылғы 29 қазандағы шешімімен Алматы қаласы аумағына құрылыс салу ережелеріне түзетулер енгізілді, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Жаңа ережеге сәйкес, Талғар тас жолы, Шығыс айналма жолы, Әл-Фараби даңғылы, Саин және Жандосов көшесінің (Сайын көшесінен бастап Талғарға апаратын жолға дейін, тау жақта орналасқан аудандарда) оңтүстігінде орналасқан аймақтарда ғимарат үш қабаттан, яғни биіктігі 12 метрден аспауы тиіс.

Тек кейбір нысандарға ғана жеңілдік бар. Мысалы, аурухана, мектеп, мәдениет және діни мекемелердің биіктігі 25 метрге дейін жетуі мүмкін. Ал көпқабатты тұрғын үйлер мен тұрғын үй кешендерін салуға мүлде тыйым салынды. Мұндай аймақтарда тек әлеуметтік және туристік бағыттағы ғимараттар ғана салуға рұқсат беріледі.

Бұдан бөлек, тау бөктеріндегі жерлерде, яғни еңісі 15 градустан жоғары аумақтарда да құрылыс жүргізуге болмайды. Сондай-ақ ауыл шаруашылығына арналған жерлерді тұрғын үй салатын жерге айналдыру шектеледі.

Жаңа ережелерде тағы бір маңызды талап – нүктелі немесе тығыз құрылысқа (уплотняющая застройка) енді рұқсат берілмейді. Бұл бұрын тек қаланың тарихи орталығына қатысты болса, енді барлық ауданға қолданылады. Яғни, бұрыннан салынған тұрғын үйлердің арасына жаңа көпқабатты ғимарат тұрғызуға болмайды.

Бұған тек бас жоспарға сәйкес көзделген әлеуметтік инфрақұрылым және туристік кластер нысандары, сондай-ақ сүрілген алаңдарды қалпына келтіру шартымен салынатын жерасты паркингтері ғана кіре алады.