Премьер-министр Олжас Бектенов жұмыс сапарымен Батыс Қазақстан облысына барып, Мемлекет басшысының мұнай-газ секторын дамыту жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысын тексерді, деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.

Бөрлі ауданында Үкімет басшысы Қарашығанақ және Чинарев мұнай-газ конденсаты кен орындарында болып, өндіріс қуаттарын жаңғырту, жергілікті қамту үлесін арттыру және кадр даярлау мәселелеріне назар аударды.

Сапар барысында Олжас Бектенов Қарашығанақ қайта өңдеу кешенінің жұмысымен танысып, мұнай конденсатын тұрақтандыру және қайта өңдеу процесін бақылады. Кен орны – әлемдегі ең ірі нысандардың бірі, оның қоры 279 млн тонна мұнай мен 785 млрд текше метр газды құрайды.

"Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В." компаниясының бас директоры Марко Марсили өндірістік көрсеткіштер мен әлеуметтік жобалар туралы баяндады. Оның айтуынша, өткен жылы кен орнында 12,2 млн тонна мұнай өндірілген, ал биылғы жоспар – 12,4 млн тонна. Қарашығанақты кеңейту жобасының (ПРК-1А) бірінші кезеңі іске қосылып, ішкі нарыққа 7,5 млрд текше метр газ жеткізілген – бұл ел бойынша жалпы көлемнің шамамен 26%-ына тең.

Премьер-министр мұнай-газ саласының ел экономикасындағы стратегиялық маңызына тоқталып, өндірісті ұлғайту, өңдеу тереңдігін арттыру және мұнай-газ химиясын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты. Сондай-ақ ол отандық өндірушілердің үлесін арттыру қажеттігін атап өтті.

Бұдан кейін Олжас Бектенов Бәйтерек ауданындағы "Жайықмұнай" ЖШС-ның газ өңдеу зауытында болды. Чинарев кен орнында заманауи инфрақұрылым – мұнай құю терминалы, газ құбыры және вахталық қалашықтар салынған. Зауыттың жылдық қуаты 4,2 млрд текше метр газды құрайды, ал алдағы уақытта өндіріс көлемін ұлғайту мәселесі қарастырылып жатыр.