Ондағы отбасылар балаларын немен асырарын білмей отыр.

Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Х әлеуметтік желісінде жазды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ұйымның бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесустың сөзінше, Судандағы қақтығыс салдары ашаршылыққа әкеліп соққан.

Ол БҰҰ жанындағы Азық-түлік қауіпсіздігінің ықпалдастырылған класификациясының соңғы есебіне сүйеніп, Судан мен Оңтүстік Судандағы және Конго демократиялық республикасындағы 50 миллионға жуық адамның аштыққа тап келгенін жазуда.

Гебрейсустың айтуынша, қазір де болып жатқан қақтығыстар, тұрғындардың елден жаппай көшуі, экономикалық тұрақсыздық пен климаттың өзгеруі азық-түлік қауіпсіздігі жағдайды қиындатқан.

– Суданның кейбір ауданында (Эль-Фашир мен Кадугли) аштық жүріп жатқаны расталды. Аштықтың Оңтүстік Суданды қоса алғанда елдің өзге аймақтарына тарау ықтималдылығы жоғары. Аштық біз кеш қалдық дегенді білдіреді. Адамдар өліп жатыр, – деп дабыл қақты ДДҰ басшысы.

Гебрейсус көпшілікті Суданға азық-түлікпен көмек беруге шақырды. Ол ДДҰ-ның серіктестерінің қолдауымен медициналық көмекті қажет еткендердің барлығына қол ұшын созуға тырысып-ақ жатқанын да сөз еткен.