Жағалауда демалыс аймақтарын қайта құру және абаттандыру жүріп жатыр, деп хабарлайды 24kz.
Бұл мақсатқа бюджеттен 658 млн теңге бөлінді. Жоспар бойынша жағалаудағы байланыс сапасы жақсарып, демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шарасы күшейтіледі.
Демалыс аймағында интернет жылдамдығы төмен. Қазір Алакөл жағалауында «Қолжетімді интернет» бағдарламасы жүзеге асып жатыр. 2026 жылы мұнда интернет жылдамдығын секундына 500 мегабитке дейін арттыратын оптикалық байланыс желісі тартылады. Сонымен қатар жергілікті билік жағалау маңында ұялы байланыс операторларының базалық станциялар санын екі есеге көбейтуді жопарлайды. Келесі айдың басында бір станция іске қосылады.
Абзал Серікұлы, Цифрлық технологиялар басқармасының басшысы:
- 2025 жылдың тамыз айының басында Kcell операторы тағы да бір станциясын жұмысқа қосады. 2026 жылға тағы да қосымша 5 базалық станция іске қосылады. Сонда барлығы 12 болады. Қазіргі таңда жұмыс істеп тұрған 6 базалық станция, 2026 жылға 12 базалық станцияны іске қосамыз. Ұялы байланыс операторлармен және «Қазақтелеком» операторларымен осы жұмыс аяқталғанда Алакөл жағалауындағы байланыс және интернет сұрағы жабылатын болады.
Жыл соңына дейін судан құтқару станциясы пайдалануға беріледі. Онда 3 автокөлік пен 5 шағын кеме және құрлықта да, суда да жылдам әрекет етуге машықтанған 10 құтқарушы қызмет етеді. Ал, келесі жылы ауданда өрт сөндіру депосы салынады. Ол жұмыстарға қазынадан 300 млн теңге бөлінді. Туристік аймақтағы тағы бір мәселе – жағалау эрозиясы. Жағалауды су шайып, соңғы 10 жылда ол шамамен 12 метрге дейін жылжыған.
Шыңғыс Риаханов, құрылыс басқармасының басшысы:
- Жағалау эрозиясын әрі қарай болдырмау үшін біз қазір жағалауды нығайту жобасын әзірлеп жатырмыз. Жобалау жыл он екі ай бір жыл бойы жүргізіліп келеді. Бұрынғы статистикалық мәліметтер барлығы талқыланып, талданып, енді соның бәрі жобаға түсіп жатыр. Бұйырса осы төртінші кварталда жоба дайын болады. Келесі жылы қаржыландыруын күтетін боламыз.
Алакөлде демалушылар әжетхананың аздығын айтып, жиі шағымданады. Қазір жағалауда тек екі биоәжетхана мен 10 санитарлық орын бар. Маусымның соңына дейін олардың санын он сегізге дейін жеткізу жоспарланып отыр.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Ботакоз Дандыбаева, Медет Өмірханов