Елде жыл сайын 300-дей науқас донор таппай, бақилық болады. Қазір 4 мыңнан астамына тірі ағза қажет.
Олар үшін әр секунд есептеулі. Дәрігерлер, табылып жатса оларға тірі адамның бір бүйрегін немесе бауырын салып береді. Бұл донорлар көбіне әлгі науқастың ет жақыны. Өзгелер жанынан қорқып келісе қоймайды. Ал шет елдерде қайтыс болған адамдардың ағзасын науқасқа салып береді. Бұл заңмен бекітілген немесе адамдар «өзім бір күні өлсем ағзамды өзгеге салыңдар» деп көзі тірісінде қолхат беріп кетеді.
Ал біздегі заң бойынша мәйіттің ағзасын келісімсіз ала алмайды және халықтың дені туысының сүйегі пышаққа түскеніне үзілді-кесілді қарсы. Дегенмен кейінгі кезде рұқсатын беріп жатқандар да бар. Бірақ аз.
Назгүл Жангелдина күту парағында тұрған азаматтар жайлы айтқанда ерекше толқиды. Өйткені олардың өмірі қыл үстінде тұр. Ертеңін елестетуден қорқады. Кейінгі 12 жылда елде 3200 ағза алмастыру операциясы жасалды. Науқастардың көбіне туыстары донор болған. Алайда, транспланттауға мұқтаж жандардың саны жылдан-жылға өсіп жатыр. Демек мәйіттік донорлықты дамыту керек. Әттеген-айы, бұған тәуекел ететіндер аз.
Назгүл Жангелдина, ҚР ДСМ Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталығы директорының міндетін атқарушы:
- Биылдыққа 131 потенциалды донор анықталды. 1000 өлімнің ішіндегі 131-інде ми өлімі анықталды. Соның тек 11-і ғана келісім берді. Бір донор негізі 7 адамға дейін құтқара алады. Жүрек, өкпе, 2 бүйрегі бар, бауыры бар, көз қалқаншасы дейміз, соның бәрін санағанда 7 адамға өмір сыйлайды. Орташа 5 адам дейікші, 131-ді 5-ке көбейтсек 650, күту парақшасында 4300 адам тұр ма? Соның 600-ін құтқарып қалуға болатын еді.
Күту парағындағы 4384 адамның 120-сы бала. Өкінішке қарай, донорға жете алмай көз жұматындар көп. Әйтсе де, медицина бір орында тұрған жоқ. Биыл 48 операция жасалды. 47 ағза алмастырылды. Ойлаңызшы, бар болғаны 11 мәйіттік донор қаншама адамға өмір сыйлады. Тіпті дәрігерлер 1 бауырды екі адамға бөліп орналастырған. Ең бастысы, ағза ел ішінде ғана алмастырылады. Бұған заң кепіл. Мәйіттік донор болуға әркімнің құқы бар. Бас тартуға да еріктісіз. Тек шешіміңізді eGov.kz порталына тіркеу керек.
Назгүл Жангелдина, ҚР ДСМ Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталығы директорының міндетін атқарушы:
- Ақпарат жұмысын еркіндік бер деп айтамыз. Өзің отырып, оңаша, өз ойыңды жаз. Ешкім де көрмейді. Ешкім де сөкпейді, ешкім де мақтамайды сені еркіндігіңді бергенге және еркіндігіңді тума-туысыңды таныстырып кетуің керек. Ал егер сен официалды түрде бас тартамын десең, ешкім де зәбірлемейді. Құқығын бұзбайды ғой адамның. Біз отырмыз сол үшін құқық сақтап.
Марқұмдардың бәрі донор бола алмайды. Алдымен дәрігерлер тобы адамдағы ми өлімін растау қажет. Бұл үшін клиникалық тестер жасалады. Күрделі процесс бір тәулікке жалғасуы мүмкін. Осыдан кейін ғана марқұмның донорлыққа келісімі бар-жоғы тексеріледі. Ағза сәйкес келсе, операцияға дайындық басталады. Мәселен, таяуда көз жұмған алматылық әйел 6 адамның өмірін ұзартты.
Болатбек Баймаханов, «А. Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығы» АҚ басқарма төрағасы:
- Жоспар бойынша бар операция өтті. Арғы жағын енді кейінгі кезең көрсетеді. Бәрі дұрыс болу керек деп ойлаймыз. Екі бүйрекке байланысты қазір ауруға зерттеу өтіп жатыр. Себебі шамалы ұзақтау болады. Өйткені тапсыратын анализдердің көлемі көп.
Әрине, ешкім өзіне де, өзгеге де өлім тілемейді. Бірақ, мәйіттік донорлыққа келісім беруге келгенде тайсақтап қалады. Қазіргі уақытта eGov.kz порталы арқылы 10 мың адам қайтыс болған жағдайда, ағзасын алуға рұқсат берген. 122 мың қазақстандық үзілді-кесілді бас тартты. Шешімін өзгертуге ниеттілер де жоқ емес. Енді денсаулық сақтау министрлігі донорлықты дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған кешенді жоспарын әзірлеп жатыр. Бұл орайда донорлар және рецепиенттер жайлы есепті жасанды интеллектіге негізделген ақпараттық жүйе жүргізуі мүмкін. «Мұндай ашықтық қоғамдағы мәйіттік донорлық жайлы түсінікті сейілтуге сеп болуға тиіс», — дейді мамандар.
Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Диас Қобланбаев
 
                         
                                 
                                             
                                             
                                            