Елімізде 2026 жылдан бастап легионерлер саны азаяды.

Бүгін, 4 қарашада Астанада ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен спорт инфрақұрылымын дамыту және бұқаралық спортты қолдау мәселелері талқыланды.

Қарашаның соңына дейін "Шахтер", "Жеңіс" және "Қызыл-Жар СК" клубтары жекешелендіріліп, бұл бағытқа 45 млрд теңгеден астам инвестиция тартылмақ.

Сонымен қатар, "Елімай" футбол клубы "Реал Мадрид" пен "Барселона" үлгісімен коммерциялық емес акционерлік қоғамға айналды. Жаңа құрылым клубтың басқару ашықтығын және қаржылық тұрақтылығын арттыруға бағытталған.

Айта кетейік, бейресми ақпарат көздеріне сүйенер болсақ елордалық команда да жекеменшікке өтеді. Болжам бойынша, команданың жаңа иесі белгілі кәсіпкер Айдын Рахымбаев болмақ. Құрылыс саласындағы алып компания BI Group қазіргі таңда "Астана” футбол клубына арналған жаттығу базасы мен академия салу жобасын жүзеге асырып жатыр. "Астана" клубын басқару құқығы белгілі кәсіпкер Айдын Рахымбаевқа берілуі мүмкін. Ол дәл осы жаңа академия мен базаның құрылысына бастамашы болған тұлға.

Сонымен қатар 2026 жылдан бастап Премьер-лигадағы клубтар саны 14-тен 16-ға дейін артады. Ал 2028 жылға қарай легионерлер лимиті біртіндеп 12-ден 8 ойыншыға дейін қысқарады.