Жергілікті тұрғындар полиция қызметкерлеріне қол ұшын созып, олармен бірге түрлі рейдтік шараларға қатысады. Жыл басынан бері тұрғындардың көмегімен 270 заңсыздық анықталды. Тәртіп сақшыларына кез келген адам көмекші бола алады.

«Қоғамдық көмекші» жобасына өңірдің барлық тұрғындары қатысады. Қазір еріктілер тобының сапында 70-ке жуық әртүрлі жастағы сан алуан мамандық иелері бар. Олар полициямен үнемі байланыста. Тәртіп сақшыларымен бірге аулаларды аралайды. Тұрғындармен тілдесіп, алдын алу жұмыстарын жүргізеді. Көбіне көмекшілер құқықбұзушылықты өздері анықтап, учаскелік инспекторға хабарлайды.

Дәулет Молдаханов, облыстық ПД Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының басшысы:

- Қоғамдық тәртіпті сақтауда, құқықбұзушылықтың алдын алуда олардың рөлі маңызды. Сол себепті де қоғамдық көмекшілер ерікті азаматтар болып табылады. Ең бастысы, 18 жасқа толған, азаматтық жауапкершілігі үлкен, белсенді өмірлік ұстанымы бар азаматтар болуы керек. Осы қоғамдық көмекшілердің көмегімен алаяқтыққа қарсы профилактикалық жұмыстар, есірткіге қарсы үлкен жұмыстар атқарылып жатыр.

Сәтбаев қаласының тұрғыны Евгения Павленко бірнеше жылдан бері осы жобаның қатысушысы. Оның айтуынша жүйелі жұмыс пен жемісті жоба тұрғындардың қауіпсіздігі үшін тамаша мүмкіндік.

Евгения Павленко, Сәтбаев қаласының тұрғыны:

- Мен ең алдымен қаламыздың әрбір тұрғыны алаңсыз және қауіпсіз ортада өмір сүргенін қалаймын. Балаларымыздың ешбір зорлық-зомбылық пен басқа да заңбұзушылықтарға ұрынбай, мектепке аман-есен барып келуі үшін адамдардың әлдеқайда белсенді болғанын қалаймын.

Қазір өңірде әлеуметтік желі тәртіп сақшыларына көмектесудің тиімді құралына айналған. Ресми «Көршілер бақылауы» чаты арқылы әртүрлі құқықбұзушылық туралы хабарлауға болады. Оны облыс тұрғындары тиімді пайдаланады. Мәселен, полиция қызметкерлері күніне осындай ондаған хабарламаға жедел жауап береді. Тәртіп сақшылары сол арқылы жол қозғалысы ережесін бұзу, қоғамдық орындардағы тәртіпсіздіктерді анықтауға мүмкіндік туып отырғанын айтады.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Елизавета Шалина, Нұрлан Исмаилов, Гүльшахира Серекбаева.