Биыл картоп салатын жердің аумағы ұлғайтылған .

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында көкөніс тапшылығы болуы мүмкін бе деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Журналистер алдағы уақытта картоп немесе басқа да көкөніс тапшылығы бола ма деген сұрақ қойды.

"Әрине, біз болжам жасап отырамыз. Былтыр баға көтерілгенін өздеріңіз білесіздер. Шет мемлекеттерден сұраныс болғандықтан, баға көтеріліп кетті. 600 мыңнан артық экспорт болды. Біз ішкі нарықты жаба бастадық. Біз биыл картоп салатын жердің аумағын көбейтіп, қосымша 2 млн 900 мың тонна картоп алдық. Бүгінгі бағаға келсек, шаруашылықтар жергілікті жерде 110-120 теңгеден сатып жатыр. Дүкендердегі орташа баға 180-185 теңгеден. Жалпы баға тұрақты болуға тиіс", – деп жауап берді Айдарбек Сапаров.

Тілшілер "Картоптан басқа көкөністер мен жеміс-жидектің тапшылығы болмай ма?" деп нақтылады.

"Барлығын жинап алдық. Біз азық-түлікті тұрақтандыру қорына, сауда нүктелеріне барлығын алсын деген хат жібердік. Сұраныс артқанда баға көтеріле бастайды. Сондықтан ішкі нарықты толтырып, тұрақтандыру қорын реттеуіміз керек. Сонда бәрі жақсы болады", – деп жауап берді АШМ басшысы.