Негізгі көрсеткіштердің бірі – спорт инфрақұрылымын дамыту деңгейі және азаматтарды бұқаралық спортқа тарту үлесі.
Қазақстан бойынша 25 760 спорт ғимараты бар. Бұл туралы Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Спорттық инфрақұрылым – бұл азаматтардың дене шынықтырумен, спортпен және белсенді демалыспен айналысуына арналған нысандар мен үй-жайлардың жиынтығы. Оған жабық және ашық спорт нысандарының 20 түрі кіреді. Бүгінде ел бойынша 25 760 спорт ғимараты бар. Оның ішінде мемлекеттік меншікте – 23 678, жеке меншікте – 2082 объект. 1 298 нысан жөндеуді қажет етеді", – деді ведомство басшысы.
Ербол Мырзабосыновтың сөзінше, соңғы жылдары жобалау мен пайдалануда жаңа стандарттар енгізіліп жатыр. Олар нысандардың қолжетімділігін, энергия тиімділігін және әмбебаптығын арттыруға бағытталған.
Қолданыстағы әдіснамаға сәйкес, халықтың спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі 1000 адамға шаққанда 80 шаршы метр спорт залы және 25 шаршы метр бассейн суы бойынша есептеледі.
"2024 жылдың қорытындысы бойынша халықтың спорт инфрақұрылымына қолжетімділігі 55,1% болды. Ең жоғары көрсеткіштер Павлодар, Жамбыл және Қарағанды облыстарында. Тұжырымдамаға сәйкес, бұл көрсеткішті 2029 жылы 65 %-ға жеткізу міндеті тұр", – деді министр.
Ведомство әкімдердің спортқа жауапты орынбасарлары мен федерация басшылары үшін тиімділіктің негізгі көрсеткіштерін енгізуде. Негізгі көрсеткіштердің бірі – спорт инфрақұрылымын дамыту деңгейі және азаматтарды бұқаралық спортқа тарту үлесі.