Қарағанды облысында "Үміт Самғау" атты қаржы пирамидасын құру және оны басқару дерегі бойынша тергеу жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Zakon.kz.

Қаржы мониторингі агенттігінің (ҚМА) 4 қарашадағы мәліметінше, компания өзін жалғызбасты аналарға, көпбалалы және аз қамтылған азаматтарға көмек көрсететін қайырымдылық жобасы ретінде таныстырған.

"Азаматтарға салған қаржысының 300%-дан 800%-ға дейін табыс әкелетіні уәде етілген түрлі "салым түрлері" ұсынылған. Жоба шарттары бойынша, салым неғұрлым көп болса, пайда да соғұрлым жоғары болады. Қатысушыларға төлем нақты бизнестен емес, жаңа салымшылардың қаржысы есебінен жүргізілген. Схемаға ұйымдастырушылардың туыстары мен таныстары тартылған – олардың есепшоттары арқылы терминалдар мен банк карталарына ақша қабылданып отырған", – делінген ҚМА хабарламасында.

Нәтижесінде бұл пирамидаға 400-ден астам адам тартылып, жалпы сомасы 100 миллион теңгеден асатын қаражат жиналған.

Сот санкциясымен күдіктінің пәтері мен автокөлігіне тәркілеу қойылған.

Қазір тергеу жалғасып жатыр.

Айта кетсек, 2025 жылдың қазан айында Шымкентте "Nazira Gold" қаржы пирамидасы ісі бойынша сот үкімі шыққан. Оның ұйымдастырушылары салымшыларға ай сайын салған қаражатының 20–40% көлемінде табыс уәде еткен еді.