Абай облысының Аягөз ауданында 600 орындық жаңа мектеп ашылды.

Заманауи үлгідегі білім ошағы өңірдегі төртінші «Келешек мектебі». Жағымды жаңалық мұнымен бітпейді. Облыс орталығындағы Шығыс кентінде 300 орындық жаңа мектептің құрылысы да жүріп жатыр. Жаңа ғимарат жоспарға сай келесі жылы қолданысқа берілуі тиіс.

Жаңа мектеп заманауи білім беру талаптарына толық сай келеді. Мұнда барлығы 35 оқу кабинеті бар. Физика, химия, биология, информатика және робототехника пәндеріне арналған заманауи зертханалар толық жабдықталған. Оқушылардың жан-жақты дамуына мүмкіндік беретін спорт және акт залдары қарастырылған.

Берік Уәли, Абай облысының әкімі:

- Жаңадан салынған ауданның тұрғындары үшін өте таптырмайтын жаңа заманауи, Президенттің қолдауымен ашылып жатқан мектеп. Болашақта осы жерде білім алған оқушыларымыз республикалық үлкен олимпиадада, халықаралық олимпиадаларға қатысып өздерінің мүмкіндіктерін көрсетеді деп ойлаймыз.

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында ашылған мектептердің өңірдің білім саласына тың серпін беретінін атап өтті.

Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Оқу-ағарту министрі:

- Басқа да Ақсуат секілді, Мақаншы, Үржар секілді жерлерге бюджеттің мүмкіндігіне қарай осы «Келешек мектептерін» қарастыруды ойластыратын боламыз. Абай облысындағы колледждердің потенциалы, сонымен қатар орта мектеп, балабақшаларға байланысты балалардың білім сапасы өте жоғары деңгейде.

Аягөздің Қуаныш шағын ауданында бой көтерген мектеп үшін ата-аналар да дән риза.

Төлеуғайша Масалимова, Аягөз қаласының тұрғыны:

- Біз өте қуаныштымыз. Әрине біздің балаларға терең білім саналы тәрбие беріледі деп үлкен сенім білдіремін.

Мектеп жаратылыстану-математикалық бағытта білім береді. Білім ордасында 42 білікті педагог қызмет атқарады. Жалпы Абай облысында осы жоба аясында төрт жаңа білім ұясы қолданысқа берліді. Тағы біреуінің құрылысы жалғасуда.

Рүстем Қайратұлы, Мәди Базарбеков