Қуандық Бишімбаевтың алиментті азайту туралы сотқа жолдаған талабы қанағаттандырылмады. Сот экс-министрдің мүлікті үшінші тұлғаларға сыйға беріп, қаржылық жағдайын әдейі төмендетіп көрсеткенін анықтап, бұл әрекетті балаларды асыраудан жалтару деп бағалады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Адвокаттың айтуынша, 2020 жылы Бишімбаев пен Қаһарман арасында үш балаға алимент төлеу туралы келісім жасалған. Алайда бірнеше ай бұрын экс-министр материалдық жағдайының өзгеруін алға тартып, төлем көлемін азайтуды сұраған.
«Иә, мұндай талапты өзгерту мүмкін. Алайда сот процесінде оның атына тіркелген мүліктер бары анықталды. Қылмыстық іс барысында бұл мүлік қайта рәсімделіп, үшінші тұлғаларға сыйға берілген», деді адвокат.
Шамшекованың айтуынша, мүлікті сыйға беру арқылы Бишімбаев өз мүліктік жағдайын төмендетіп көрсетіп, алимент көлемін «бірнеше есе» азайтуды көздеген. Бірақ сот мұны балаларға алимент төлеуден жалтару әрекеті ретінде бағалап, талапты қанағаттандырудан бас тартты.
«Бұл — оның Конституциямен бекітілген тікелей міндеті. Ал мүлікті жасыру — заң алдындағы жауапкершіліктен жалтару», деді адвокат.
Оның сөзінше, бұрынғы министр иелігінде болған және сыйға берілген мүліктер балалар кәмелет жасына жеткенге дейін алимент төлеуге толық жеткілікті.
Айта кетейік, Қуандық Бишімбаев 2024 жылдың мамыр айында тағы бір сот үкімімен 24 жылға бас бостандығынан айырылды. Оның қорғаушысы Газан Газымжановтың айтуынша, алимент сомасы бостандықтағы уақытта кәсіпкерлікпен айналысып, табыс тапқан кездегі жағдай негізінде есептелген.
«Қазір оның табысы жоқ. Балаларға төленетін қаражат ата-анасынан алынуда, әрі бұрынғы жинақтары да жұмсалды», деді адвокат.
Қуандық Бишімбаев пен Назым Қаһарман 14 жыл некеде болған. Олар 2020 жылы, экс-министр алғашқы жазасын өтеп, бостандыққа шыққаннан кейін бір жыл өткен соң ажырасқан. Ерлі-зайыптылардың үш баласы бар.
Назым Қаһарман өткен жылдың қыркүйек айында Бас прокуратура мен Жоғарғы сотқа шағым түсіріп, әділдік іздеген. Ал 2024 жылдың мамыр айында ол балаларының Бишімбаевтың тегінен бас тартқысы келетінін мәлімдеді.
Жанель ТӨЛЕУБЕКОВА, ЕҰУ студенті