Бұрынғы жұбайы алиментті қалай жұмсап жатқанын білгісі келетіндер бар болып шықты.

Мәжіліс депутаты Наталья Дементьева Әділет министрлігінен алимент төлемдерінің мақсатты түрде жұмсалуы қалай бақыланатынын сұрап, мәселе көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Мәжілісте "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы бірінші оқылымда қаралды.

"Соңғы кезде алимент төлеушілер "неге мен алимент төлеуім керек, егер ол ақша балаға ма, әлде бұрынғы жұбайымның жеке шығындарына жұмсалатынын білмесем" дейді. "Неліктен мемлекет алимент өндіріп алуды бақылайды, бірақ олардың жұмсалуын бақыламайды" деген сұрақтарды жиі көтеріп жүр. Мұндай мәселе әрине күмән тудырады және олардың тарапынан әлеуметтік шиеленісті қалыптастыруға жол береді. Қаражат баланың мүддесі үшін емес, өндіріп алушының жеке қажеттіліктері үшін жұмсалған жағдайларда алименттің мақсатты жұмсалуын бақылау қалай қамтамасыз етілген?", – деп сұрады Мәжіліс депутаты Наталья Дементьева.

Әділет вице-министрі Бекболат Молдабеков бұл өте маңызды сұрақ екенін жеткізді.

"Оны сот арқылы сұрауға құқығы бар. Бірақ та бұл сомаға байланысты деп санаймыз және қолдауға дайынбыз. Бұл мәселені жұмысқа алдық. Көбінесе 150 мыңға дейін алимент төлейді. Біздің ұстанымымыз осы сомаға дейін қарамай, ал егер де күйеуінің жалақысы жоғары болып, 500 мың теңге немесе миллионға дейін алатын болса, онда, әрине, құқығы бар. Соны сотсыз-ақ қарауға және есеп ретінде беруге келтіретіндей механизм табуға дайынбыз", – деді спикер.