Жасанды интеллект технология болудан қалып, елдердің бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын факторға айналып барады. 2026 жылдың бірінші тоқсанында әлемдегі еңбекке қабілетті халықтың 17,8%-ы жасанды интеллектіні тұрақты түрде қолданған, деп хабарлайды Egemen.kz.


Tengenomika арнасының мәліметінше, бұл технологияны ең жылдам әрі икемді енгізіп жатқан мемлекеттер арасында бірінші орында – Біріккен Араб Әмірліктері (70%), екінші орында – Сингапур (63%), үшінші орында – Норвегия (49%) тұр.

Алғашқы ондыққа Ирландия мен Франция (48%), Испания (44%), Жаңа Зеландия (43%), Ұлыбритания, Нидерланд және Катар (42%) енді.

Испанияда Ла Лига төрешілерінің жұмысын жасанды интеллект бағалайды

Осы ретте АҚШ-та ЖИ қолдану деңгейі – 31%, Тайваньда – 31,8%, Жапонияда – 22,5%, Үндістанда – 17,6%, Қытайда – 16,4%, Қазақстанда – 15,9%, ал Ресейде – 9,5% болды.

Қазақстанда 2025 жылдың бірінші тоқсанында бұл көрсеткіш 12,7% еді. Бір жыл ішінде жасанды интеллектіні пайдалану деңгейі 3,2 пайыздық тармаққа өскен. Қазір ЖИ бизнес, кеңсе жұмысы, қызмет көрсету саласы мен корпоративтік процестерге біртіндеп еніп келеді.

Сарапшылардың пікірінше, бүгінде жаһандық бәсекенің моделі өзгеріп жатыр. Жасанды интеллектіні еңбек ресурсы шектеулі, адам капиталы үшін бәсеке жоғары және қызмет экспортын дамытуға бағытталған елдер белсенді енгізіп жатыр. Олар үшін ЖИ – жұмыс орындарын күрт арттырмай-ақ өнімділікті өсірудің тиімді құралы.

Шымкентте жасанды интеллект мектебі ашылды: Кімдер тегін оқи алады?

Сондықтан Азия қазір жасанды интеллект нарығы ең жылдам дамып жатқан 15 елдің 10-ын өзіне шоғырландырып отыр.

Мамандардың айтуынша, келесі жаһандық алшақтық бай және кедей елдердің арасында емес, жасанды интеллектіні күнделікті жұмысқа тез енгізген экономикалар мен оны әлі де тек тәжірибелік құрал ретінде қабылдайтын мемлекеттердің арасында болуы мүмкін.