Мәжілістің жалпы отырысы өтті.

Мәжіліс жаңа заң жобаларын жұмысқа алды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Соның бірі – "1993 жылғы 22 қаңтардағы Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек пен құқықтық қатынастар туралы конвенцияға өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы" заң жобасы.

"Аталған заң жобасы Қазақстан Республикасының "Халықаралық шарттар туралы" заңына сәйкес әзірленді. Хаттамада уағдаласушы тараптардың аумақтарында кәмелетке толмаған балалардың пайдасына алимент өндіріп алу туралы сот бұйрықтарын тану және орындау бөлігінде түзетулер көзделеді. Бұл нормалар кәмелетке толмаған балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған. Комитет аталған заң жобасын жұмысқа алуға дайын", – деді депутат Снежанна Имашева.

Депутат "2002 жылғы 7 қазандағы Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек пен құқықтық қатынастар туралы конвенцияға өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы" заң жобасы бойынша да қорытынды оқыды. Оның айтуынша, бұл заң жобасы бала құқықтарын қорғауды қамтамасыз етудегі ТМД аумағында құқықтық ынтымақтастықтың тиімділігін арттыруға бағытталған.

"Жасөспірім балаларға алимент өндіріп алу туралы сот актілері осы мемлекеттер аумағында танылып, орындалатын болады", – деді депутат.