Aeka Posh лақап атымен танымал блогер Айым Алтынбекова “Мамский әңгіме” бағдарламасына берген сұхбатында бұрынғы күйеуі, әнші әрі актёр Дидар Кәденнен алимент талап етпейтінін айтты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Блогердің сөзінше, ол алимент мәселесін дауға айналдырғысы келмейді және ақша үшін бұрынғы жұбайымен арадағы қарым-қатынасты бұзуды жөн санамайды.

“Ешкім арнайы келіп, “баланың оқуына” деп ақша беріп жатқан жоқ. Мен де сұрамаймын. Алимент көлемі белгілі, ол көп қаражат емес. Сол үшін ұрыс-керіс жасағым келмейді. Алла нәсіп етіп, жағдайым жетіп тұрса, бәрін өзім-ақ жасай беремін”, – деді ол.

Айым Алтынбекова бұрынғы күйеуінің қазіргі отбасылық жағдайын да түсінетінін жеткізді. Оның айтуынша, Дидар Кәденнің өз отбасы мен екі баласы бар, ал шығармашылық саласында табыс әрдайым тұрақты бола бермейді.

“Ақша үшін арамыз суып кеткенін қаламаймыз. Алиментке бола жанжалдасқан жоқпыз. Бұл – өзара қабылдаған шешім. 30-40 мың теңге бәрібір ештеңеге жетпейді деп ойладық”, – деді блогер.

Сонымен қатар ол бұрынғы жұбайымен арадағы қарым-қатынас жақсы екенін атап өтті. Ұлы әкесімен де, әжесімен де араласып тұрады. Блогер баласының болашағын ойлап, көпшілік алдында артық әңгіме айтпауға тырысатынын айтты.

“Ұлым әкесімен де, әжесімен де жиі араласады. Ол қазір 9 жаста, өсіп келе жатқан бала. Ертең есейгенде интернеттен бәрін оқиды. “Анам әкем туралы былай айтыпты” деген сөздерді көрмесін деймін. Қазір буллинг те бар. Сондықтан баламды ондай дүниелерден қорғауға тырысамын”, – деді ол.

Сондай-ақ блогер болашақта ұлы әкесіне қолдау көрсетуі керек болса, қарсы болмайтынын жеткізді. Оның айтуынша, Дидар Кәден – баласының туған әкесі, сондықтан қандай жағдайда да қол ұшын созуға дайын.