Телефон алаяқтарының қылмыстық кеңсесінің қызметіне тосқауыл қойылды.
"Қазақтелекомда" шетелдік алаяқтардың 2 млн-нан астам қоңырауының жолы кесілді. Бұл туралы "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" АҚ баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Қордың портфельдік компаниясы отандық "Fraudchaser" антифрод бағдарламалық шешімін әзірлеп, қолданысқа енгізді. Аталған жүйе онлайн режимде телекоммуникация желілеріндегі трафикті алаяқтық белгілері бойынша талдап, сұрыптауды, фрод-қоңырауларды бұғаттауды немесе оларды антифрод call-орталығына бағыттауды қамтамасыз етеді. 2026 жылдың 5 айында алаяқтардың 2 млн-нан астам шетелдік қоңырауының жолы кесілді. Антифрод call-орталығындағы операторлардың арқасында шетелдегі телефон алаяқтарының 10 қылмыстық кеңсесінің қызметіне тосқауыл қойылды", – делінген компания таратқан хабарламада.
Сонымен қатар, "Қазақтелеком" алаяқтық қоңырауларды қабылдау үшін call-орталық операторы ретінде жасанды интеллектіні қолданбақ.
Антифрод call-орталығы шетелдік алаяқтар мен заңсыз цифрлық құрылғылардың орналасқан жерін анықтауға көмектесіп, айтарлықтай профилактикалық әрі аналитикалық тиімділігін көрсетті. Қазір интернет-трафикті талдау негізінде SIM-box құрылғыларын анықтауға арналған жаңа техникалық шешім енгізіліп жатыр. Тиісті әдіс алаяқтық құрылғылардың нақты орналасқан мекенжайын анықтауға көмектеседі.