ІІМ жаңа талаптың кімдерге қатысты екенін түсіндірді.


Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі қоғамдық орындарда азаматтардың бет-жүзін тануға кедергі келтіретін киімдерді киюге қатысты заң талаптарының сақталуын бақылау жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

Ведомство мәліметінше, бұл норма "Құқықбұзушылық профилактикасы туралы" заңның 75-бабы 3-тармағында көзделген.

"Заңға сәйкес, адамның түр-сипатын көзбен тануға кедергі келтіретіндей дәрежеде бетті жабатын киімдерді қоғамдық орындарда кию құқықбұзушылық болып саналады. Алайда тыйым ауа райы жағдайларына, медициналық көрсетілімдерге, қызметтік міндеттерді орындауға, сондай-ақ спорттық және мәдени іс-шараларға қатысу жағдайларына қолданылмайды", – делінген хабарламада.

Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі мәліметінше, жауапкершілік Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 434-3-бабында қарастырылған.


Оқи отырыңыз: Ақтау әуежайында 114 есірткі капсуласын жұтып алған шетел азаматы ұсталды


Алғашқы құқықбұзушылық үшін ескерту беріледі. Егер заңбұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Қазіргі уақытта осы бап бойынша 1179 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

"Тыйым қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған және бет-жүзді жасыратын кез келген киім түріне қатысты қолданылады", – делінген хабарламада.