Қажет дәріні іздеп, бірнеше дәріхананы аралайтыныңыз рас. Кейбір препараттар мүлде нарықта болмайтын жағдайлар да кездеседі. Мұндай мәселенің бар екенін министрлік жасырмайды. Ендеше тапшылықты қалай шешеміз, оның себебі не?
Caravan.kz медиа порталының тілшісі жалғастырады.
Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов қазақстандықтардың шағымдарына жауап бере отырып, тегін берілетін дәрілерге қатысты қиындықтар бар екенін мойындаған. Оның айтуынша, елде расымен де кейбір препараттар жетіспейді, ал кей жағдайда пациенттерге бастапқыда тағайындалған дәрінің орнына балама дәрілер ұсынылады.
Осы ретте Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов те халықты алаңдатып отырған осы маңызды мәселеге тоқталды. Ол адамдарға аса қажет дәрілерді табу қиын екенін растады.
«Қажетті дәріні іздеп бірнеше дәріхананы аралайсың, бірақ ол Қазақстанда мүлде болмай шығады. Соның салдарынан адамдар таныстарынан шетелден алып келуді сұрайды немесе үшінші адамдар арқылы тапсырыс беруге мәжбүр болады. Ең заманауи, ең тиімді әрі өмірлік маңызы бар дәрілер біздің нарыққа өте кеш жетеді, кейде оған жылдар кетеді», – деді депутат.
Аймағамбетов бұл мәселенің басты себептерінің бірі ретінде шамадан тыс бюрократияны атады. Оның айтуынша, Қазақстанда дәріні ресми тіркеу процесі тым ұзақ әрі күрделі.
«Қазіргі тәртіп бойынша, егер дәрі Қазақстанда ресми тіркелмесе, оны дәріханаларда сатуға болмайды. Ал тіркеу рәсімі ұзаққа созылған сайын нарықта дәрілер азаяды, бәсекелестік төмендейді, соның салдарынан баға да қымбаттай түседі», – деді ол.
Депутаттың айтуынша, бұл мәселені шешу үшін заңнамаға маңызды өзгерістер енгізіліп жатыр. Соған сәйкес бірнеше негізгі жаңашылдық қарастырылған.
Біріншіден, халықаралық деңгейде дәлелденген әрі қауіпсіздігі расталған дәрілерді тіркеу процесі айтарлықтай жеңілдетіледі. Егер препарат АҚШ-тың FDA немесе Еуропаның EMA ұйымдары тарапынан мақұлданған болса, онда Қазақстанда оны қайтадан ұзақ уақыт тексерудің қажеті болмайды. Мұндай дәрілер жеделдетілген тәртіппен 15 күн ішінде тіркелмек.
«Бұл ең заманауи әрі тиімді дәрілердің пациенттерге әлдеқайда жылдам жетуіне мүмкіндік береді», – деді Аймағамбетов.
Екіншіден, дәрілерді тіркеудің жалпы мерзімі қысқартылады. Қазір ресми түрде тіркеу процесі 210 күн деп көрсетілгенімен, іс жүзінде ол бірнеше жылға созылып кететін жағдайлар жиі кездеседі.
«Біз сараптама, шекті бағаны бекіту және басқа да бюрократиялық кезеңдерді бір жүйеге біріктірдік. Бұл дәрілердің нарыққа шығу процесін едәуір жылдамдатады», – деп түсіндірді депутат.
Сонымен қатар дәрілердің сапасына қатысты бақылау да күшейтілмек. Бұған дейін Қазақстанға отандық дәрі өндіру үшін әкелінетін шикізат толық бақылаудан өтпейтін. Енді барлық субстанция шекарада міндетті түрде тексеріледі.
Тағы бір маңызды өзгеріс – Денсаулық сақтау министрлігіне жаңа өкілеттіктер беріледі. Бұған дейін министрлік дәріні тіркеу үшін фармацевтикалық компаниялардың өтінім беруін күтуге мәжбүр болатын. Алайда кей компаниялар арзан дәрілерді тіркеуге немесе патент мерзімі аяқталған препараттарды қайта рәсімдеуге қызығушылық танытпайды.
«Бірақ мұндай дәрілер халық үшін аса қажет болуы мүмкін. Енді министрлік өз бастамасымен тіркеу процесін бастап, қажетті препараттарды елге жедел жеткізуге мүмкіндік алады», – деді депутат.
Аймағамбетовтың пікірінше, енгізіліп жатқан бұл өзгерістер қазақстандықтарға қажетті дәріні артық әуресіз, қауіпсіз әрі қолжетімді бағамен сатып алуға көмектесуі тиіс.
Еске салайық, 2024 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстанда барлық дәрілік заттарды міндетті цифрлық таңбалау жүйесі енгізілген болатын. Бұл жүйе дәрілерге деген сұранысты нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді.
Оқи отырыңыз: Дәрі-дәрмектің мемлекет белгілеген шекті бағасын тексеру халық үшін нағыз квестке айналды
Сондай-ақ елімізде дәрілердің шекті бағасы белгіленген реестр бар. Ол жылына екі рет жаңарып отырады. Қазақстандықтар кез келген дәріні алмас бұрын, реестр арқылы тексеріп, шекті бағасын біле алады. Бекітілген бағадан жоғары сатылған жағдай анықталса, шағым түсіре алады. Бұл тұтынушылардың құқығын қорғау мақсатында жасалған. Биыл дәрілердің шекті бағасы әлі жаңартылған жоқ, тек ТМККК және МӘМС аясында берілетін дәрілік заттардың шекті бағалары бекітілді.
Оқи отырыңыз: Шекті бағадан бірнеше есе қымбат сату заңды ма? Дәріханаларды кім бақылайды?
Ал биыл наурыз айының соңында Денсаулық сақтау министрлігі таңбаланған дәрілердің сатылымына қатысты талдау нәтижесін жариялады. Соған сәйкес, Қазақстанда ең көп сатып алынған дәрі этил спирті болған. Осылайша ол 2025 жылы көш бастаған парацетамолды артта қалдырды.