Каспий теңізінің тартылуы – 5 елді де толғандырған мәселе. Сондықтан жағалауда орналасқан мемлекеттер бұл мәселені бірлесе шешуі тиіс дейді мамандар. Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

Индира Бегайдар, тілші:

5 мемлекеттің ортақ игілігіндегі Каспий теңізінің тартылуы экологияға да, экономикаға да кері әсер етуде. Ресейде бұл мәселеге қатысты бірнеше жылдан бері ғылыми талдау жүргізіліп келеді. Ресейлік ғалымдардың айтуынша, Каспийге құйылатын судың 85%-ы әлемдегі ең ірі өзендердің бірі саналатын Еділдің еншісінде. Еділден және барлық өзеннен түсетін су азайып кеткен. Сонымен қатар, климаттың жылынуы да кесірін тигізуде. Енді Каспий теңізінің тартылуын Қазақстан мен Дағыстан мамандары бірлесіп зерттемек. Бұл мәселеге қатысты «Qazaqstan» телеарнасына берген сұхбатында Дағыстан басшысы Сергей Меликов пікір білдірді. Ол Каспий теңізінің тартылуы әсіресе порт инфрақұрылымы үшін үлкен экономикалық қиындықтар туғызып жатқанын айтып, біздің ғалымдарды бірлесе жұмыс істеуге шақырды.

Сергей Меликов, Дағыстан Республикасының басшысы:

Өткен жылдан бастап теңізге судың еркін ағуын қамтамасыз ету үшін оған құятын өзендердің арнасын тазарту басталды. Қазақстандық әріптестерді бірлесе жұмыс істеуге шақырамын. Бізге ғылыми ынтымақтастықты жандандыру керек. Дағыстан мемлекеттік университеті аясында ғылыми жұмыс жүргізілуде, мен қазақ ғалымдарымен бірлесе жұмыс істеп, қажетті шараларды бірлесе қабылдау үшін тапсырма беремін.

Теңіздің таяздануына байланысты Ресейде арнайы комиссия құрылды. Жағдайды тез арада қалпына келтіру мүмкін болмаса да, үйлестірілген шаралар нәтиже береді деген үміт бар, дейді мамандар. Әсіресе Кура, Орал, Терек, Самур және Еділ сияқты негізгі өзендерден су ағынын арттыру бағытында жұмыс істеу қажет.

Индира Бегайдар