Түркістан облысының Отырар ауданына қарасты Шәмші ауылында «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы жалғасын тапты. Шараға қатысушылар, қазақтың әйгілі композиторы Шәмші Қалдаяқов атындағы саябақты және оған жапсарлас аумақты қоқыстан тазартып, жасыл желекке күтім жасады.

Биыл әйгілі композитордың туғанына 95 жыл. «Әннің мөлдір бұлағын қазаққа мұра еткен ұлы тұлғаның есімін тек мерейтойда ғана емес, күнделікті істе де қастерлеуіміз керек», — дейді белсенділер. Экологиялық шараға «AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы мұрындық болды. Ілкімді іске ауыл тұрғындары, партия белсенділері мен еріктілер атсалысты.

Қалыйма Жантөреева, «AMANAT» партиясы облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары:

- «Әлемнің жарығын сыйладың сен маған» деп ән салдырған Шәмшінің аллеясын тазалап жатырмыз. Бұл экологиялық мәдениетті, таза халықты қалыптастыру ғана емес, бұл — рухани мәдениетімізді ары қарай дөңгелетіп алып, елден-елге, ауыздан-ауызға тарату. Өйткені тән тазалығы мен жан тазалығы, ауа тазалығы бәрін үйлестіре келгенде бүкіл адамзаттың тазалығына алып келеді.