Жыл басынан бері Астананың Сарыарқа ауданында есірткі қылмысына қатысты 400-ден астам дерек анықталды. Қазір ауданда «Заң және тәртіп» профилактикалық акциясы қарқын алған. Акцияның мақсаты – есірткі таралуының алдын алып, тұрғындар арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізу.

Астана қаласы Сарыарқа ауданының әкімдігі, кинология қызметі мен прокуроратура өкілдерінен құралған ескірткіге қарсы күрес тобы рейдтік іс-шараға жиі шығады. Топ мүшелері заңсыз есірткі зертханалары болуы мүмкін аумақтарды аралап, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

Дамир Хисматуллин, Сарыарқа аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы:

- Бүгінгі таңда «Заң мен тәртіп» акциясы аясында Сарыарқа ауданы әкімінің аппараты прокуратурамен бірлесіп, рейдтік жұмыс жүргізіп жатырмыз. Қазіргі уақытта біз «Көктал-1» тұрғын алабында тұрып жатырмыз. Тұрғындардың арызы бойынша, жалпы есірткі бойынша жалобалар түсіп жатыр. Сол бойынша қазіргі уақытта біз полиция қызметкерлерімен бірге рейдтік жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Осы рейдтер апта сайын жүргіземіз.

Сарыарқа ауданында есірткіге қарсы күрес күн санап күшейіп келеді. Соның нәтижесінде жыл басына бері ауданда 400-ден астам есірткі қылмысы анықталды. Оның ішінде есірткі құралдарын сақтау, өткізу және контрабанда фактілері бар. Бұл статистика бірлескен жұмыстың аса өзекті екенін көрсетеді.

Қайырбек Асылбеков, Сарыарқа ауданы прокурорының орынбасары:

- Уәкілетті органдармен бірлесіп, біз саяжай алқаптары, өнеркәсіптік аймақтар, жылыжайлар, қараусыз қалған ғимараттар және өзге де ықтимал есірткі зертханалары орналасуы мүмкін аумақтарда кеңейтілген тексеру жүргізудеміз. Аталған орындар құқық қорғау органдарының ерекше бақылауында. Сонымен қатар тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, мүмкін болатын есірткі притондары мен зертханаларының белгілері туралы ақпарат береміз және күдікті тұлғалар, ғимараттар мен ерекше істер туралы дер кезінде хабарлаудың маңыздылығын еске саламыз.

Уәкілетті органдар бұл бағыттағы жұмыстарды алдағы уақытта күшейте береді. «Себебі есірткі таралуының алдын алуда тұрғындар арасындағы түсіндіру жұмыстарының маңызы зор», — дейді мамандар.

Авторлары: Нұрқанат Қанапия, Мерей Талап