H-2A бағдарламасы аясында өзбекстандықтар АҚШ-та 10 айға дейін еңбек ете алады.
Өзбекстан азаматтары H-2A бағдарламасы аясында АҚШ-тың ауыл шаруашылығы саласында 10 айға дейін жұмыс істей алады. Бұл туралы Ташкентте өткен халықаралық көші-қон форумында америкалық USA Farm Labor компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры Мануэль Фик мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оның айтуынша, компания Өзбекстан үкіметімен бірлесіп, өзбек азаматтарын АҚШ-тың ауыл шаруашылығы саласына тарту мүмкіндігін кеңейту бағытында жұмыс жүргізіп жатыр.
"Бұл ынтымақтастық америкалық жұмыс берушілерге жұмыс күші тапшылығы мәселесін шешуге көмектеседі және өзбек азаматтарына шетелде табыс тауып, өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді", – деді Мануэль Фик.
Ол АҚШ-та еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесі жақсы дамығанын атап өтті. Сондай-ақ еңбек құқығын қорғау, адам саудасы мен еңбекті қанаудың алдын алу бағытында да тиімді тетіктер бар екенін жеткізді.
Мануэль Фиктің сөзінше, америкалық жұмыс берушілерге Өзбекстаннан келетін жас, еңбекқор, ағылшын тілін меңгерген білікті мамандар қажет.
Оның пікірінше, бұл ынтымақтастық тек экономикалық пайда әкеліп қана қоймай, екі ел арасындағы тәжірибе және кәсіби дағды алмасуды да нығайта түседі.
Ресми мәлімет бойынша, қазіргі уақытта шамамен 1,3 миллион өзбекстандық Ресейде еңбек етеді. Алайда Ресейде көші-қон заңнамасының қатаюынан кейін ресми Ташкент еңбек мигранттарын басқа дамыған елдерге бағыттауға күш салып отыр.
Бұған дейін өзбек азаматтарын Еуропа, АҚШ, Оңтүстік Корея, Жапония және Таяу Шығыс елдеріне жұмысқа орналастыру мәселесіне ерекше назар аударылып жатқаны хабарланған еді.