Бірінші вице-министр құрылыс компанияларын еңбек қауіпсіздігі талаптарын сақтауға шақырды.


Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде құрылыс саласындағы еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау мәселелеріне арналған кеңес өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Жиынға мемлекеттік органдардың, кәсіподақ өкілдерінің және елорданың ірі құрылыс компанияларының мамандары қатысты.

Кеңесті ашқан ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев құрылыс нысандарында қауіпсіздік талаптарына формалды қарау мемлекеттік саясат қағидаттарына қайшы екенін айтты. Оның сөзінше, құрылыс маусымы қызған кезеңде әрбір нысанда қауіпсіздік талаптарының сақталуына күшейтілген бақылау қажет.

Кеңес барысында еңбек заңнамасын сақтау, қызметкерлерді міндетті сақтандыру, еңбек қатынастарын азаматтық-құқықтық шарттармен алмастыруға жол бермеу және шетелдік жұмыс күшін заңды тарту мәселелері талқыланды. Сонымен қатар бас мердігерлердің қосалқы мердігер ұйымдарға бақылауын күшейту қажеттігіне ерекше назар аударылды.

"Әрбір жұмыс беруші мынаны нақты түсінуі тиіс: жұмысшылардың қауіпсіздігіне үнемдеуге болмайды. Касканың, қауіпсіздік белбеуінің, нұсқаманың немесе еңбек шартының болмауы – жай формалдылық емес, адам өміріне төнетін тікелей қауіп әрі қатаң жауапкершілікке негіз", – деді Ербол Тұяқбаев.

Министрлікте өндірістік жарақаттанудың барлық жағдайы ерекше бақылауда екені айтылды. Еңбек қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Ал жүйелі заңбұзушылықтар анықталған жағдайда шетелдік жұмыс күшін тартуға берілген рұқсаттарды қайтарып алу және құрылыс лицензияларының күшін тоқтату мәселесі қаралатыны ескертілді.

Жиын қорытындысы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті мен аумақтық департаменттерге құрылыс нысандарындағы бақылауды күшейту, профилактикалық жұмыстарды жандандыру және тұрақты мониторинг жүргізу тапсырылды.