4 млн-ға жуық қазақстандыққа жасанды интеллектпен жұмыс істеу дағдыларын меңгеру қажет болады.
Астанада жасанды интеллект дәуіріндегі еңбек саласының жаһандық трансформациясына арналған Қазақстан жұмыс берушілер қауымдастықтарының алғашқы ұлттық "PARYZ NEF 2026" форумы өтті. Іс-шара Халықаралық еңбек ұйымы (ХЕҰ) мен Халықаралық жұмыс берушілер ұйымының қолдауымен ұйымдастырылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Форумға Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев қатысып, еңбек нарығындағы өзгерістер мен жаңа экономикалық жағдайларға бейімделген кадрларды даярлау мәселелері туралы айтты.
Министрдің айтуынша, 2035 жылға қарай жасанды интеллект Қазақстандағы мамандықтардың шамамен жартысына әсер етеді. Сонымен қатар 4 млн-ға жуық қызметкерге жасанды интеллектпен жұмыс істеу дағдыларын меңгеру қажет болады.
Бүгінде еңбек нарығы бұрын-соңды болмаған қарқынмен өзгеріп жатыр. Жасанды интеллект, автоматтандыру, роботтандыру және платформалық жұмыспен қамту экономика, бизнес және әрбір қызметкерге тікелей ықпал ететін жаңа шынайылықты қалыптастыруда, – деді Асқарбек Ертаев.
Министрлік осы өзгерістерге бейімделу үшін жұмыспен қамту жүйесін төрт бағыт бойынша трансформациялап жатыр.
Бірінші бағыт – кадр даярлау жүйесін экономиканың нақты қажеттіліктерімен үйлестіру. Қазақстанда кадрларға деген сұранысты болжау жүйесі енгізіліп, 4,5 мың мамандық бойынша кәсіптік стандарттар цифрландырылған. Алдағы уақытта сұранысқа ие дағдыларды болжау үшін жасанды интеллект сервистерін пайдалану жоспарланып отыр.
Екінші бағыт – азаматтарды жедел қайта даярлау және жаңа дағдыларға оқыту. Skills.Enbek платформасы арқылы биыл шамамен 100 мың адам білім алады. Сонымен қатар 10 мыңнан астам азамат сұранысқа ие жұмысшы мамандықтары бойынша қысқа мерзімді даярлықтан өтеді.
Үшінші бағыт – цифрлық жұмыспен қамту қызметін дамыту. 2026 жылғы маусымнан бастап екі өңірде жасанды интеллект негізіндегі ЖИ-агентті енгізу бойынша пилоттық жоба іске қосылады. Жүйе жұмыссыздық тәуекелдерін алдын ала анықтап, азаматтарға жеке қолдау шараларын ұсынады.
Төртінші бағыт – платформалық жұмыспен қамтуды дамыту және әлеуметтік қорғауды күшейту. Бүгінде платформалық жұмыспен қамтылған 400 мыңға жуық азамат үшін міндетті әлеуметтік төлемдер аударылған.
Форум барысында еңбек қауіпсіздігін цифрландыру мәселесіне де ерекше назар аударылды. Жақын уақытта өндірістегі қауіп-қатерлерді нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік беретін бірыңғай ситуациялық орталық іске қосылады.