Еңбек инспекторлары тексеруі нәтижесінде 859 жұмыскердің жалақысы төленіп, еңбек құқықтары қалпына келтірілді.


2026 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша мемлекеттік еңбек инспекторлары республикадағы 153 кәсіпорында 1,2 мыңнан астам жұмыскер алдында 719 млн теңгеден асатын жалақы берешегін анықтады. Сонымен қатар тексерулер барысында 2,7 мыңнан астам еңбек құқығы бұзушылығы тіркелді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Жалақы берешегі мен заңбұзушылықтар бойынша кәсіпорын басшыларына 1 630 міндетті нұсқама беріліп, 187,4 млн теңгеден астам айыппұл салынды.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде 859 жұмыскерге 535,8 млн теңге жалақы төленіп, олардың құқықтары қорғалды.

Жалпы алғанда, жүргізілген 2 446 тексеру қорытындысы бойынша 2 799 құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде еңбек қатынастары саласында – 2 340, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша – 433, халықты жұмыспен қамту мәселелері бойынша – 26 жағдай тіркелді.

Министрлік мәліметінше, қабылданған шаралардың нәтижесінде 21,9 мың жұмыскердің еңбек құқықтары қорғалған.