Оңтүстік Кореяда суға сүңгуірші әйелдер ежелден келе жатқан ата кәсіптеріне алаңдап отыр.

Олар теңіз түбінен жәндіктерді жинаумен айналысады. 2016 жылы ЮНЕСКО бұл кәсіпті адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасы деп таныды. Жыл өткен сайын хэнёлердің, яғни суға сүңгушілердің саны азайып барады. Қазір олардың басым бөлігі елдің ең ірі аралы Чеджуда тұрады.

Сүңгуірші әйелдердің жұмыс күні таңғы сағат 8-ден басталады. Олар алдымен кеңседе жиналып, ауа райы мен жоспарларын талқылайды. Егер күн желсіз және теңізде толқын болмаса, жәндіктерді аулауға шығады. Хэнёлер аквалангсыз жұмыс істейді. Бірақ арнайы гидрокостюм мен жағалаудағы тастарда жүруге ыңғайлы резеңке аяқ киім киеді. Ал орталықтан теңіз жағасына дейін мотоцикл немесе жүк көлігімен барады.

Әдетте хэнелар су астына жұп-жұп болып түседі. Бұл қауіпсіздік үшін керек. Егер біреуі әлсіреп немесе қандай да бір қауіп төніп жатса, екіншісі көмектесе алады. Сондықтан әрбір сапар тәуекелі жоғары, қауіпті саналады. Бұл топтағы сүңгуіршілердің ең жасы – 62-де, ал ең үлкені 85 жаста.

Владислав Цой, тілші:

- Чеджу аралындағы сүңгуірші әйелдер ептілігімен ерекшеленеді. Тағы бір таңқаларлығы — су астында ұзақ уақыт тыныс алмай тұра алады. Дәл қазір олар 20 метр тереңдікке дейін сүңгіп, теңіз жәндіктерін жинап жатыр.

Бірақ бүгін бригада үшін аса сәтті күн болмады. Өйткені су түбінде үш сағаттан астам жұмыс істегенмен олжа аздау болып қалды.

Ли Мун Джа, хэнё:

- Бүгін аса жақсы болған жоқ. Жел соғып, толқындар көтеріліп қолға көп ешнәрсе түспеді.

Корей түбегіндегі сүңгуірші әйелдер жайлы алғашқы жазбалар он жетінші ғасырда пайда болды. Ал өткен ғасырдың 60-70-ші жылдары олардың қарасы 30 мыңға дейін жеткен. Бірақ кемемен арнайы құрал жабдықтар арқылы аулау дамып, ескі кәсіпті қолданушылар азайды. Қазір Оңтүстік Кореяда шамамен 6200 хэнё бар. Соның жартысына жуығы Чеджу аралында жұмыс істейді.

Ким Сын Он, Чеджу провинциясы әкімдігі хэнёлармен жұмыс бөлімінің жетекшісі:

- Сүңгуірші әйелдердің саны жыл сайын шамамен 10%-ға азаяды. Чеджу хэнёларының бір ерекшелігі – олар тек сүңгімейді, сонымен бірге егіншілікпен де айналысады. Сондықтан біз оларды «балықшы-шаруалар» деп атаймыз. Өйткені тек сүңгумен ғана күн көру мүмкін емес.

Балық аулап біткен соң хэнёлар кеңсеге оралады. Бірақ бұл олардың жұмыс күнінің аяқталғанын білдірмейді. Енді сүңгуіршілер ұстаған теңіз кірпілерін тазалауы керек. Бұл жануарлардың уылдырығы өте бағалы. Оны жинап, базарға немесе жергілікті дәмханаларға сатады. 85 жастағы Ли Мун Джа осы іспен 70 жылдан бері айналысып келеді. Ата кәсіптің арқасында балаларын оқытып, құтты орындарға қондыра алғанын мақтан етеді.

Ли Мун Джа, хэнё:

- Бір ұлым мұғалім болды, немерем журналист болып жұмыс істейді, тағы бірі фармацевт, одан кейінгісі беделді университетте магистратурада оқып жатыр. Бәрі осы теңіздің арқасы. Белім мен буындарым, тізем ауырады. Бірақ ең бастысы ауыр дерт жоқ. Балаларым: «жетеді, теңізге барма» дейді. Алайда сүңгу мен үшін таңғы жаттығу секілді сүйікті ісіме айналып кетті ғой. Күш қайратым сарқылғанша осы кәсіппен айналыса бермек ойым бар.

Сүңгуіршілер тобын олардың ішіндегі ең жасы – 62 жастағы Ко Сон Джа басқарады. Ол хэнёлердің үшінші буыны. Анасы мен әжесі де сүңгуірші болған. Ко жыл өткен сайын сүңгу қиын болып бара жатқанын айтады.

Ко Сон Джа, хэнёлер ұлттық қауымдастығының бас хатшысы:

- Айдындардың ластануынан теңіз жануарлары азайып, кәсібімзге кері әсерін тигізіп жатыр. Бұған қоса жастар сүңгуірші болғысы келмейді. Мемлекет қолдау көрсеткенімен оған аса қызықпайды.

Хэнёлер Чеджу аралының символына айналды. Туристер арасында осы кәсіппен таныстыратын арнайы турлар бар. 2006 жылы балықшылар ауылында ашылған сүңгуірші әйелдер мұражайына да келушілер көп. Бұрын бұл жердегі қыз-келіншектердің бәрі осы іспен айналысқан.

Пу Сон Джу, хэнёлер мұражайының қызметкері:

- Менің анам мен үлкен апайым хэнё болған. Қыздар бұл кәсіпті 8-9 жасынан бастап анасы немесе туыстарынан үйренетін. Ал 12 жастан бастап теңізге шығатын. 1950 жылдары Чеджу аралында әйелдердің бәрі хэнё болды. Қазір ауылымызда 5-6 (бес-алтауы) ғана қалды.

Чеджу билігі бұл ерекше кәсіпті сақтап қалуға күш салып жатыр. Осы мақсатта суасты балық аулау өнерін тегін үйрететін мектепті қаржыландырады. Курстар демалыс күндері өтеді. Қазір мұнда шамамен 90 адам оқып жатыр. Кейбірі өз өмірін хэнё кәсібіне арнағысы келеді.

Владислав Цой, Ольга Лян