Елімізде орман қорының төрттен үш бөлігі шығыста өседі. Алайда соңғы 3-4 жылда алапат өрттің салдарынан қылқан жапырақты ағаш айтарлықтай азайды. Сондықтан Мемлекет басшысы бүкіл ел бойынша 2 миллиард түп көшет отырғызуды міндеттеген. Ал шығыстағы орманшылар бүгінге дейін 5 мыңнан астам гектар жерге ағаш екті.

Риддер орман шаруашылығында соңғы 10 жылда екі рет алапат өрт болды. Салдарынан 600 гектардан астам аумақ күлге айналды. Дегенмен орманшылардың қажырлы еңбегінің нәтижесінде қазір өрт шалған жерлер біртіндеп қалпына келтіріліп жатыр.

Талғат Шәріпханұлы, орманшы:

Осы алаңдарда дайындық жұмыстарын жүргізіп, биылдан бастап орман көшеттерін отырғызып жатырмыз. Енді аманшылық болса, 5-10 жылдың арасында көшеттер өседі деп ойлаймын.

Көшеттер өсу үшін де машақаты көп. Күзден бастап қыс ортасына дейін әр ағаштың бүршігі жиналады. Одан соң кептіріліп, сұрыпталған соң арнайы құрылғы арқылы одан тұқым алынады. Өскін көшет болып өскенге дейін ерекше күтім қажет. Ерте көктемде егілген көшеттер күзден бастап орман алқаптарына отырғызыла бастайды. Сондықтан жылыжайдағы мамандар ала жаздай бел жазбастан еңбек етеді.

Жылыжайда тамыр алған көшеттер егілетін аумақ алдын-ала дайындалады. Қураған ағаштарды кесу мен тазалаудың да өзіндік ерекшелігі бар. Ал ормандағы ең басты қауіп – өрт.

Арай Атантаева, орман шаруашылығының басшысы:

Сол өрттің болмауын, соларға қатты мән береміз. Орман өртеніп кетсе, ол жерді қайтадан өсіру үшін 50-70 жылдай уақыт крек. Сондықтан оның тазалау жұмыстары бар.

Жалпы шығыста 3 миллион гектардан астам орман бар. Ол 13 шаруашылыққа бөлінген. Батыс Алтай қорығына қарайтын Риддер орман шаруашылығындағы 304 мың гектар алқапты 167 маман күтіп баптайды. Орманшылар тек соңғы екі жылда 300 гектар жерге 1 миллион 200 мың түп көшет екті.

Олжас Керейхан, тілші:

2011 жылы да Риддер орман шаруашылығында алапат өрт болып, ол кезде 200 гектар жер күлге айналған. Дегенмен орманшылардың ерінбей еткен еңбегінің нәтижесінде қазір ол қайта қалпына келді. Сол кезде еккен мынадай кішкентай көшеттер қазір адамның бойынан асады.

Олжас Керейхан