Астанада балалардың терезеден құлап кету оқиғалары әлі де азаймай тұр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Бұл туралы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің жедел-құтқару жасағы басшысының міндетін атқарушы Жанат Камерденов айтып, қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін тұрғындарға қандай сақтық шараларын сақтау керектігін түсіндірді.

Құтқарушылардың айтуынша, мұндай оқиғалар күн жылы кезде жиілей түседі.

"Күн жылына салысымен, терезелерді ашып қойып жатады. Дәл осы уақытта балалар құлап кететін жағдайлар басталады. Кей күндері төрт балаға дейін құлап жатса, кейде бір балаға қатысты жағдай тіркеледі. Бұдан ешкім сақтандырылмаған – бұл жаңа тұрғын үйде де, ескі көпқабатты үйде де болуы мүмкін. Терезесі бар кез келген үйде бала қараусыз қалса, терезеде арнайы қорғаныс құрылғылары болмаса, мұндай жағдайдың болуы әбден ықтимал. Қалада белгілі бір ауданға ғана тән жағдай деп айтуға келмейді. Балалар екінші қабаттан да, он төртінші қабаттан да құлап жатады", – дейді Жанат Камерденов.

Оның айтуынша, қазіргі таңда мұндай қауіптердің алдын алуға арналған түрлі құрылғылар бар.

"Қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған арнайы техникалық құралдар бар – темір торлар, тіпті қорғаныс торлар да қолданылады. Арнайы күшейтілген маса торлары бар, оларды өте мықтап орнатады, тіпті ересек адам да сындыра алмайды. Сонымен қатар терезенің ашылуын шектейтін арнайы қорғаныс сымдары бар, оларды орнату арқылы терезені толық ашуға мүмкіндік болмайды", – деп түсіндірді ТЖД өкілі.

Сондай-ақ ол ата-аналарды балалармен терезе жанында ойнаудың қауіптілігі жайында сөйлесуге шақырды.

"Терезе маңына жиһаз, орындық, үстел қоймау керек. Балаларды пәтерде жалғыз қалдырмаңыздар, бүлдіршіндер үйде болған кезде терезелерді қатты ашып қоймаңыздар. Балалардың терезе алдына шығуына жол бермеңіздер. Қауіптің алдын алу үшін арнайы техникалық құралдарды қолданыңыздар", – деді Жанат Камерденов.

Айта кетейік, баланың терезеден құлап кетуіне себеп болған ата-аналар немесе қамқоршылардың әрекеті нақты жағдайға байланысты Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіндегі түрлі баптар бойынша жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Мысалы, егер бала қараусыз қалып, терезеден құлап кетсе, бұл ҚК-нің 125-бабы – "Қауіпті жағдайда қалдыру" бойынша қаралуы мүмкін. Ал егер баланың жарақаттануына ата-ананың немқұрайлылығы себеп болса, бұл ҚК-нің 156-бабы –"Тәрбие беру міндеттерін орындамау" бойынша саралануы ықтимал.