2025 жылдың жеті айында Қазақстанның ЖІӨ өсімі 6,3%-ды құрады. Әрине, ел дамуында макроэкономикалық көрсеткіштер маңызды, бірақ оның адамдардың өміріне қаншалықты әсер етуі одан да қызығырақ. Бұл реттегі цифрларға отандық экономист Руслан Сұлтанов үңіліп көрді, деп хабарлайды Zakon.kz.

"Соңғы жылдары Қазақстан ұтқыр әрі белсенді бола бастады. Ішкі туризм шамамен 40%-ға өсті: 6,6 млн-нан 10,5 млн адамға дейін, шетелдік сапарлар үш есеге, яғни 1,19 миллионға дейін артты. Тасымалдау көлемі де өсуде: авиа — 14,4 млн жолаушыға дейін, ал таксиге деген сұраныс 35%-ға ұлғайды. Адамдар такси қызметін көбірек тұтына бастады. 2018 жылы 54,3 млн адам таксимен жүрген, 2024 жылы 73,3 млн адам тасымалданды. Өсім — 35%", деп жазады Сұлтанов өзінің Telegram-дағы арнасында.

Сонымен қатар, оның айтуынша, елдегі мүлік иелерінің саны 2020 жылғы 3 854 000-нан 2024 жылы 4 983 200-ге дейін өсті. Яғни, 5 жыл ішінде 1 129 000 адам пәтер сатып алды.

"Бұл адамдардың жиі саяхаттауға және кірістерін емін-еркін басқаруға мүмкіндіктері бар екенін білдіреді. Сонымен қатар, күнделікті әдеттер де өзгеруде. Қазақстандықтар сапалы тамақтана бастады: ет пен жемістер тұтынысы артқан. Әлеуметтік осал санаттар үшін азық-түлік жиынтығы бұрынғы 20-ға қарағанда 43 позицияға дейін кеңейтілді, бұл осалдықты төмендетуге және азық-түлік қауіпсіздігін арттыруға бағытталған қадам деп айтса да болады", — деп жалғастырады өз сөзін экономист.

Қалалық орта да өзгеруде: газдандыру, жарықтандыру, аулаларды абаттандыру, жолдарды жөндеу дегендей.

"Бұл, әсіресе осындай қолайлы жағдайды жасау ұзақ уақыт бойы кейінге қалдырылып келген аймақтарда байқалады. Бұл — жай ғана инфрақұрылым емес, өмірдің жаңа сапасының негізі". Руслан Сұлтанов

Экономист ЖІӨ өсімі маңызды индикатор екеніне сенімді, бірақ бүгінгі таңда басты назар сандық емес, сапалық өсім болуы керек: "бұл отбасылардың бақ-қуатында, қызмет көрсету деңгейінде, білім беру, кәсіпкерлік және инфрақұрылымға қол жеткізу мүмкіндіктерінде көрінеді. Экономика жай ғана үлкен цифрларға артып қана қоймай, адамға, оның күнделікті қажеттіліктері мен мүмкіндіктеріне де жақын болуы керек".

"Экономикалық өсім күнделікті өмірде, яғни көлік, инфрақұрылым және тұтыныс арқылы байқалады. Бірақ сапалы өсім тек сандар ғана емес, сонымен қатар жұмысқа, білім беруге және негізгі қызметтерге деген қол жетімділіктің тұрақты шарттары болып табылады. Әзірге, жақсы нәтижелер барлық жерде бірдей байқала бермейді және саясаттың бағыты "өсімнен гөрі өсу үшін", яғни адамдардың өмірін жақсартуға қарай ойысуы керек", деп сөзін түйіндейді Руслан Сұлтанов.

Бұған дейін ҚР Ұлттық банк статистикалық деректермен бөлісіп, 8,6 тонна алтын қазақстандықтардың қолында екенін хабарлаған.