Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет азаматтық қорғау саласын күшейте түсуге баса мән беретінін айтты, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Осыдан бес жыл бұрын Төтенше жағдайлар министрлігі қайта құрылды, ал осы салаға республикалық бюджеттен бөлінетін қаржы екі жарым есе көбейді. Бір сөзбен, нақты және тиімді шаралар қабылдана бастады. 1700-ден аса арнайы техника алынды. 42 өрт сөндіру депосы және құтқару станциясы салынды. Аудандық төтенше жағдай бөлімшелері заман талабына сай жаңғыртыла бастады. Құтқарушылардың әлеуметтік жағдайын жақсарту жұмысы да басты назарда. Соңғы екі жыл ішінде сала мамандарының еңбекақысы 77 пайызға өсті, енді оларға арнайы үстемеақы төленетін болды. Сондай-ақ, тұрғын үй төлемдері мен әлеуметтік жеңілдіктер беріле бастады. Жалпы бұл жұмыс міндетті түрде өз жалғасын табады. Осындай шаралардың арқасында азаматтық қорғау саласының кадрлық әлеуеті артып келеді", – деді Президент.
Мемлекет басшысы жер жүзінде түрлі себептерге байланысты табиғи және техноген апаттар көбейіп кеткеніне тоқталып, кәсіби тұрғыдан білікті, мықты мамандарды, яғни жаңа заман құтқарушыларын даярлауға ерекше назар аудару қажет екенін тілге тиек етті.
"Осы мақсатпен Көкшетау техникалық институты Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясы болып қайта құрылды. Құтқарушы еліміздегі ең беделді мамандықтың біріне айналуға тиіс. Мемлекеттік органдар құтқарушыларға қоғамда лайықты баға берілуі үшін барынша шара қабылдауға міндетті. Өте қиын, қауіпті, бір емес, бірнеше бағытта дайындықты қажет ететін осынау мамандықты насихаттауға бұқаралық ақпарат құралдары, өнер адамдары үлес қоса алады. Нағыз құтқарушылар әскери іс, экономика, құрылыс және басқа да көптеген саладағы арнайы білімді меңгерген. Олардың арасында спортшылар да аз емес", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!