Бүгінде ел экономикасының дамуы мен қоғамның әлеуметтік тұрақтылығы ең алдымен еңбек нарығындағы белсенділікке, халықтың жұмыспен қамтылу деңгейіне байланысты.
Мемлекет тарапынан жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік саясаттың басты бағыты – азаматтарды тұрақты әрі сапалы жұмыс орындарымен қамтамасыз ету.
Қазіргі таңда елімізде жұмыспен қамтудың тиімді жүйесін қалыптастыру мақсатында бірқатар мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылуда. Соның ішінде «Әлеуметтік жұмыс орындары» және «Ұрпақтар келісімшарты» сияқты бағдарламалар халықты жұмыспен қамтып қана қоймай, олардың кәсіби біліктілігін арттыруға, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды игеруіне жол ашуда.
Мамандардың айтуынша, еңбек нарығындағы оң өзгерістер шағын және орта бизнестің дамуына, инвестициялық жобалардың артуына және жаңа өндіріс орындарының ашылуына тікелей байланысты. Әсіресе, жастар мен әйелдердің еңбекке араласуы әлеуметтік-экономикалық серпін беруде.
Премьер-министр Олжас Бектенов сөзіне сенсек Қазақстанда 2029 жылға дейін 3,3 миллион азамат жұмысқа орналасатын болады. Қазіргі таңда субсидияланатын жұмыс орындарын жүзеге асыру тәртібіне, сондай-ақ гранттар беру қағидаларына өзгерістер енгізілуде.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше ағымдағы жылдың 1 қыркүйектегі жағдай бойынша жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен 237,3 мың адам қамтылған, ал жалпы 529,6 мың қазақстандық жұмысқа орналастырылған. Мансап орталықтары арқылы 137 мың адам субсидияланатын жұмыс орындарына жіберілген. Сонымен қатар: сұранысқа ие дағдылар бойынша онлайн оқытуға – 51,1 мың адам тартылса, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша – 44,3 мың адам оқыған. Жұмыс берушілердің өтінішімен кәсіптік оқытуға – 4 892 адам жіберіліп, 375-і оқу соңында жұмысқа орналасты дейді мамандар. Жыл басынан бері 261,9 мың азамат кәсіптік бағдарлау мен кеңес алу қызметтерін пайдаланыпты.
Қазіргі таңда жастар арасындағы жұмыссыздық – қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуына кері әсер ететін өзекті мәселелердің бірі. Жастар – кез келген мемлекеттің болашағы, ел дамуының қозғаушы күші. Сондықтан олардың тұрақты жұмыспен қамтылуы мемлекет саясатының маңызды бағыттарының бірі болып табылады.
Жастар арасындағы жұмыссыздықтың себептері көпқырлы. Біріншіден, еңбек нарығында тәжірибесіз мамандарға деген сұраныстың аздығы байқалады. Көптеген жұмыс берушілер тәжірибелі қызметкерлерді іздесе, жаңа бітірген түлектерде ондай тәжірибе болмайды. Екіншіден, кей жастар өз мамандығы бойынша жұмыс таба алмай, басқа салаға кетуге мәжбүр. Бұл — мамандық пен еңбек нарығы арасындағы сәйкессіздіктің айқын көрінісі. Үшіншіден, кей өңірлерде жұмыс орындарының жетіспеушілігі де жастар арасындағы жұмыссыздықты арттырады.
Мемлекет бұл мәселені шешу үшін түрлі бағдарламаларды іске асыруда. Мысалы, «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Дипломмен – ауылға!» сияқты жобалар жас мамандарға алғашқы еңбек тәжірибесін жинақтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар кәсіпкерлікке бейім жастарға арналған «Жас кәсіпкер» және «Бизнес бастау» бағдарламалары бойынша гранттар мен жеңілдетілген несиелер беріледі. Бұл бастамалар жастарды өз ісін ашуға, еңбек нарығында белсенді болуға ынталандырады.
Бұдан бөлек, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жетілдіру, дуальды оқыту әдісін кеңейту де жастарды еңбекке даярлаудың тиімді жолдарының бірі. Өйткені өндірістік тәжірибеден өткен түлек еңбек нарығына тез бейімделеді.
Мамандар биылғы жылдың жеті айлық қорытындысы бойынша «Жастар практикасы» бағдарламасымен 9,1 мың адам жұмысқа орналасқанын айтады. Жоспар бойынша жыл соңына дейін 38,9 мың жас қазақстандық жұмыспен қамтылуы тиіс.Аталған жобаның игілігін көп көргендердің үштігінде Түркістан (2,1 мың адам), Жамбыл (802 адам), Қызылорда (775 адам) облыстары тұр. Статистикалық деректерге көз жүгіртсек «Жастар практикасына» қатысатын әйелдердің үлесі 62,7% немесе 5,4 мың адамды, ал ауыл тұрғындарының үлесі – 5 мың адамды немесе 58,1%-ды құрап отыр.
Жастар арасындағы жұмыссыздықты азайту — қоғамның тұрақтылығы мен елдің болашағын қамтамасыз етудің басты шарты. Осы бағытта мемлекет тарапынан қабылданған шаралармен қатар, әрбір жастың өз қабілетін дамытуға, жаңа мамандықтарды меңгеруге ұмтылысы да маңызды. Тек мемлекет пен жастардың өзара белсенді іс-қимылы нәтижесінде ғана тұрақты жұмыспен қамтылған, әлеуметтік тұрғыдан қорғалған жастар буынын қалыптастыруға болады.
Жұмыссыздықпен күрестің басты шарты – әр азаматтың өз ісіне деген жауапкершілігі мен еңбекке деген құлшынысы. Мемлекет мүмкіндікті ұсынып отыр, ендігі міндет – оны тиімді пайдалану.
Жұмыссыздықпен күрес мәселесін қозғағанда әңгіменің бір ұшы еңбек адамдарына келіп тіреледі. Елімізде «Еңбек – бәрін жеңбек» деген қағида әрқашан өзекті. Қазақстанда өндірісте, ауыл шаруашылығында, білім мен медицина саласында қажырлы еңбек етіп жүрген мыңдаған азаматтар бар. Олардың жетістіктерін насихаттау, еңбегін бағалау арқылы жастарды адал жұмысқа, кәсібилікке, отансүйгіштікке тәрбиелеу – маңызды міндет. Қазіргі ақпараттық қоғамда еңбек адамын дәріптеудің тиімді жолдарының бірі – бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы үлгі көрсету. Президент Қ. Тоқаевтың 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауының нәтижесінде биыл еңбек адамдары, жұмысшы мамандық иелері кеңінен дәріптелуде. Әлеуметтік желілерде да адал еңбек, кәсіби шеберлік және кәсіптік табыс туралы мотивациялық бейнероликтер мен мақалалар жарияланып жастар санасына оң әсер етуде.
Мектептер мен колледждерде еңбекке баулу, мамандыққа бағыттау сабақтары арқылы оқушыларға еңбек құндылығын түсіндіру жұмыстары қарқын алды. Оқу орындарында «Еңбек апталығы», «Кәсіп күні», «Менің ата-анам – еңбек майталманы» сияқты іс-шаралар өткізу – жас буынды еңбекке құрметпен қарауға баулиды.
Еңбек адамы – ел дамуының басты тірегі, қоғамның нағыз қаһарманы. Олардың еңбегін бағалау, бейнесін кеңінен таныту – ұлт рухын көтеретін, жастарды жауапкершілікке, еңбексүйгіштікке баулитын игі іс. Сондықтан әрбір ұйым мен мекеме, әрбір азамат өз саласында еңбек адамдарының еңбегін дәріптеу ісіне үлес қосуы қажет.