Үйдегі керек болмай қалған қағаздарды өткізіп, оқушыларға қуаныш сыйлаңыз. Бүгіннен бастап Астанадағы «Amanat» партиясының Есіл аудандық филиалы макулатура жинауды бастады. Шара «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында өткізілуде. Оған кез келген қала тұрғыны қатысы алады. Түскен қаржы «Мектепке жол» акциясы бойынша қайырымдылыққа жұмсалады. Яғни әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балаларына оқу-құралдары сатып алынады. Сондай-ақ қолданылған, қажетсіз қағаздарды қабылдау бекеттеріне апармай-ақ, «Эко қолдау» мобильді қосымшасы арқылы мамандарды үйге шақырып тапсыруға да болады.

Санира Жүсіпова, «Amanat» партиясы Есіл ауданы филиалының төрағасы:

Макулатураны тамыз айына дейін жинайтын боламыз. Бұған барлық партия бастауыш ұйымдары қатысып жатыр. Ең бірінші Ikomek 109, №63, №103 мектептер келіп қатысып жатыр, үлестерін қосып жатыр. Барлық соманы шығаратын боламыз, сол ақшаға біздің қоғамдық қабылдауға келген көп балалы отбасыларға көмек жасалады.

Асылбек Данияр