Газа секторындағы гуманитарлық, экономикалық ахуал күннен күнге нашарлап барады. Жергілікті тұрғындар азық-түлік пен дәрі-дәрмекке ғана емес, қолма-қол ақшаға да зәру. Банк бөлімшелері мен терминалдар жұмыс істемейді. Ал делдалдар арқылы алынатын қаражатқа 40%-ке дейін комиссия қойылған.
Инфляция шарықтап, жұмыссыздық көбейіп, халықтың жиған ақшасы азайған тұста қолма-қол ақшаның тапшылығы Газадағы ахуалды одан әрі күрделендірді. Кейбір отбасылар үйіндегі дүние-мүлкін азық-түлікке айырбастауға мәжбүр.
Мохаммед Башир, тұрғын:
- Маған 60 доллар керек болса, 100 доллар аударуым керек. Бұл нан мен қант алудың жалғыз амалы. Өз қаржымды қолдану үшін жартысын ортадағы делдалдарға ұстатуға мәжбүрмін.
Израиль аймаққа жаңа банкноттарды жеткізбей отыр. 2 жыл бұрын бұрын шыққан ақшалар қолдан-қолға өтіп, әбден тозған. Ал шағын кәсіп иелері ақшаны тек бүтін күйінде қабылдайды. Бұл мәселе Газада жаңа бизнес түрінің пайда болуына түрткі болды. Ақша жөндеу. Ескі купюраларды жамап-жасқау шамамен 3 доллар тұрады.
Бір жыл бұрын Палестина монетарлық басқармасы Iburaq деп аталатын цифрлық төлем жүйесін енгізу арқылы дағдарысты жеңілдетуге тырысты. Алайда саудагерлердің қолма-қол ақшаны талап етуі электронды қосымшаның жұмысын тоқтатқан.
Ал жағалаудағы балықшылар күнкөріс үшін өмірлерін қатерге тігіп жүр. Заңсыз балық аулайды. Израиль әскері бұған қатысты қатаң шектеулер қабылдап, ережені бұзғандарға қарсы шара қолданатынын ескертті.
Юсеф, балықшы:
- Газа халқы үшін бұл тыйымның салдары ауыр болады. Өйткені қазір өңірде азық-түлік тапшы болғандықтан, адамдар балықты қорек етіп, жанын сақтап отыр. Егер шектеу алынбаса, бұл үлкен апатқа әкеледі.
Газадағы ахуалға халықаралық қауымдастық алаңдаулы. АҚШ, Қатар және Мысыр Израиль мен ХАМАС-қа жаңартылған бітім жоспарын ұсынды. Алдын ала мәліметке сәйкес ол Израиль әскерінің Газа аумағынан біртіндеп шығуын және тұтқындармен алмасуды қарастырады. Қазіргі таңда Дохада 60 күндік уақытша бітімге қатысты келіссөздер жүріп жатыр. Дегенмен сарапшылар бұл келісімнің іске асуына күмәнмен қарап отыр, себебі соғыс салдары халықтың тұрмысын бірден жеңілдетпейді деген пікірде.