Бұған дейін де ғалымдар Арал өңірі маңынан жер бетінен жойылып кеткен алып аңның сүйегін кезіктіргенін жарыса жазған еді.

Енді Қарақалпақстан аумағынан шамамен 70 миллион жыл бұрын өмір сүрген динозаврдың сүйегі табылып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ежелгі жануардың қалдықтары Қарақалпақстандағы Сұлтан Уәйіс тауының аймағынан көзге байқалған. Ол аумаққа Қарақалпақ мемлекеттік университеті мен Өзбекстан мемлекеттік геологиялық мұражайының ғалымдары экспедиция жүргізген еді. Археологтардың сөзінше, аталған жерден динозаврдың омыртқа және жіліншік сүйектері кезіккен.

– Табылған қалдықтар Мезозой дәуірінің Бор кезеңіне тиісілі болуы мүмкін. Қазіргі уақытта халықаралық сарапшыларды тарта отырып, зерттеу жүргізіп жатырмыз, – деді "Oʻzbekiston 24" телеарнасына сұхбат берген Өзбекстан мемлекеттік геологиялық мұражайының директоры Ахмаджон Ахмедшаев.

Бірнеше күн бұрын Қызылорда облысының Қармақшы ауданы аумағынан динозаврдың сүйектері табылғанын жазған едік.