Куәгер оқиғаны видеоға түсіріп, желіге жариялады.

24 қазан күні, Алматы қаласындағы зообаққа барған қала тұрғынының сөзінше, ер адам тордағы мүйізтұмсыққа тас немесе әлдебір зат лақтырған. Ал куәгер бұл сәтті видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жариялаған.

– Анаммен бірге зообаққа барғанбыз. Сол кезде мына оқиға кәдімгідей жүрегімді ауыртты. Ер адам мүйізтұмсықтың көзіне қарай тасқа ұқсас бір затты лақтырып жіберді. Жануар жайбарақат тұрған. Ол адам қараптан-қарап мүйізтұмсыққа тиісті. Не үшін? Кейде адамдар жануардан да қатігез сияқты көрінеді, – деп жазды ол.

Зообақ әкімшілігі оқиғадан кейін мүйізтұмсықтың жағдайын дереу тексергенін айтады.

– Мүйізтұмсықтың жағдайы жақсы. Денсаулығына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Жарақат, соның ішінде көз жарақаты да анықталған жоқ, – делінген зообақ таратқан ресми хабарламада.

Ал мекеме өкілдерінің айтуынша, ішкі тексеріс жүргізіліп, бейнебақылау жазбалары қаралып жатыр.

– Зообақ әкімшілігі құқық қорғау органдарына жүгінді. Бұзақының кім екенін анықтап және оны жауапкершілікке тарту үшін материалдың бәрі полицияға жолданды, – деп хабарлады зообақ баспасөз қызметі.